Өнеркәсібі өрге басқан Түркістан облысында ауыл шаруашылығы да дамыған. Бұл — аумақ кеңейіп, еңбеккерлер санының арту есебінен ілгері басқан тірлік. Биыл егістік алқап 28 мың 700 гектарға жетіп, өнім бітік шықты. Суармалы жер көлемі 10 мың гектарға жетіп отыр, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Соған сай өндірілген көкөніс көлемі едәуір артты. Биыл шаруалар 3 мың 500 гектар жерге бақша, көкөніс дақылдарын екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бітік шығуы ағынсуға көп байланысты. Қала аумағындағы шаруа қожалықтары мен үй іргелік жерлерді ағынсумен қамтамасыз етуде «ШымкентСуШар» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің қосқан үлесі мол. Кәсіпорын 476 шаруа қожалығымен келісімшарт жасады. Тұрсынқожа Хакимходжаев – кәсіпкер «5 жылдан бері осында диқаншылық етіп, бала-шағаның несібесін теріп жүрміз. Биылғы жылы жүгері, дарбыз ектік. Көкөніс егілді. Құдайға шүкір диқаншылығымыз жаман емес. Су қожалығымен келісімге отырып, суды уақытылы алып жатырмыз. Құдай қаласа, 25-30 тонна өнім алу мақсатымыз бар». Екіжақты іскерлік байланыс арқасында биыл егін бітік шықты. Өйткені, мұнда ағын су мол. Сондай-ақ, көкөніс дақылдарын күтіп-баптау жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Шаруалар мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен тыңайтқыштар алды. Оған қоса, субсидияға, төмен пайыздық несиеге қол жеткізді. Соған сай диқан табысы да қомақты.
С. Құттыбайұлы