Бүгінгі таңда Түркістан облысының денсаулық сақтау құрылымына 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым (8 облыстық деңгейдегі аурухана, 2 балалар ауруханасы, 3 қалалық аурухана, 17 орталық аудандық аурухана және аудандық аурухана, 5 оңалту орталығы, 4 емхана, 6 басқа мекемелер) және 130 жекеменшік мекеме бар. Олардың барлығы да халық денсаулығын жақсарту жолында, сапалы қызмет көрсетуде.
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бүгінде Түркістан облысында сәтті жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, үкімет тарапынан қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша бүгінде көптеген денсаулық сақтау нысандары бой көтермек. Биыл осы ұлттық жоба бойынша 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт. Мұның барлығы да тұрғындардың денсаулық сапасын арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар. Бұл денсаулық сақтау нысандары өңірдің әртүрлі аймақтарында салынатын болады, барлық тұрғындардың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл ауруханаларға түсетін жүктемені азайтуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа медициналық нысандардың салынуы еліміздегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға және медициналық қызмет көрсету деңгейін көтеруге ықпал етуде. Медициналық орталықтар мен емханалар санын көбейту халықты сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, ұлттық жоба аясында жаңа денсаулық сақтау нысандарының құрылысы еліміздегі денсаулық сақтау саласының сапасын арттырып, халықтың денсаулығын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
Түркістан облысының денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр. Осы орайда, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Баққоныс, Төрткөл, Көкпарсай елді мекендерінде 3 ФАП құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралып, конкурс жарияланған. Оның 20 жобасына жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған 7 нысан жеңімпазы анықталу үстінде.
Ұлттық бағдарламалар аясында Түркістан облысында медицина ұйымдарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, денсаулық сақтау саласын жақсарту өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады және облыс басшылығы Түркістан облысының барлық тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша жұмысты жалғастырады.
Жалпы, соңғы әлетте Түркістан облысында денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды деген жобаларға көңіл бөлінуде. Сондай-ақ жалпы құны 3156 миллион теңгеге 13 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, респуликалық бюджетке ұсынылды. Қалған 6 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптама қарауынан өткізілуде. Жақын уақытта олардың да жүзеге асырылатын күні алыс емес.
Бұдан бөлек, өңірдегі медициналық мекемелерді күрделі жөндеуден өткізу күн тәртібінен түскен емес. Бұған ұлттық жобалардың қосқан үлесі қомақты болып отыр. Мәселен, былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Сарыағаш және Жетісай аудандық орталық ауруханаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданның түкпір түкпірінен келетін науқастар үшін барлық жағдайы жасалған, аурухана жаңарып, жаңғыртылып, жұтынып тұр.
Күрделі жөндеу жұмыстары өте сапалы орындалған. Бұдан басқа, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Алғабас» БМСКО нысанына толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Салынғанына біраз уақыт болған аталмыш ауруханалар расында тозығы жеткен болатын. Күрделі жөндеуден кейін, жаңа кейіпке енді.
Жоспар бойынша биылғы жылы да аймақтағы 8 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Оның ішінде, Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес аудандық «Абай» ауруханасы, Бәйдібек ауданындағы «Боралдай» БМСКО нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткеніне де біраз уақыт болды. Бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Кентау қалалық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Қалған 2 нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сайрам аудандық орталық ауруханасы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, республикалық бюджетке ұсынылды. Халық тығыз қоныстанған аудандарда аурухана тапшылығын болдырмау мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал барының өзін ұқсатып ұстау үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Облыстық балалар ауруханасы», «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасы, «Асықата» Жетісай аудандық ауруханасы, Созақ аудандық орталық ауруханасының, жалпы 4 жобаның ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Бұл жобалар 2025 жылға өтпелі болып отыр.
Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бұл өңірдегі ең ірі медициналық кешен болмақ. Көпсалалы медициналық орталықта барлық бөлімдер болатын болады. Одан бөлек, заманауи соңғы үлгідегі құрал жабдықтармен жабдықталатын болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарының 77 пайызы аяқталды. Бұл жұмыстарға 300-ден астам адам тартылған. Биыл өңірде медициналық нысандар салу бойынша рекорд орнатылмақ. Расында да аймақта ірі медициналық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішіндегі ең ірісі «Сарыағаш қаласында перинаталды орталығы бар медициналық кешен құрылысы» жүргізілмек. Белгілісі бүгінде Сарыағаш ауданы шекараға жақын орналасқан, халық тығыз қоныстанған аудандардың бірі. Осы Сарыағаш қаласынан 10,5 гектар жер телімі бөлініп отыр. Алып аумақта жақын болашақта заманауи кешенді аурухана бой көтеретін болады. Ол үшін перинаталдық орталық құрылысының жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, «Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында 200 төсек орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы» жобасы бойынша Темірлан ауылында 8 гектар жер телімі бөлініп, құрылысына жобалау жұмыстары жүргізілуде. Ана мен бала денсаулығын сақтауға арналған алып кешен бой көтеретін болады. Оған Ордабасы ауданына жақын орналасқан аудандардан да, облыстың өзге өңірлерінен де науқастар қабылданатын болады. «Түркістан қаласында жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед Бен Заид Аль Нахаян атындағы 80 орындық перзентхана құрылысы» бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорымен келіссөздер жүргізілді. Құрылыс жобасына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі таңда демеуші тарапынан мердігермен келісімшартқа тұру бойынша ресми келісім күтілуде. Бұдан басқа, «Түркістан қаласындағы 210 төсек орындық облыстық балалар аураханасының құралысы» жобасы әзірленуде. Осылайша бүгінд өңірде медициналық орталықтар көптеп салынатын жыл болғалы тұр. Сонымен қатар,
білікті кадрлар даярлауға даярлауға да көптеп көңіл бөлінуде. Бейінді мамандар даярлау үшін резидентураға 60 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 650 грант бөлінген болатын. Биыл резидентураға 139 грант, орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін 600 грант бөлу жоспарланып отыр. Бұл да биыл алғаш рет қолға алынып отырған жоба. Сондай ақ мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасын табатын болады.
Науқастарды емдеуде заманауи құрылғылардың көмегі көп екені белгілі. сондықтан да аталмыш бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Медициналық-техникалық жарақтандыру бойынша өткен жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 10,5 млрд теңгеге аса қажетті құрылғылар сатып алынды. Ал биылғы жылы осы мақсатқа трасферттер есебінен 6 млрд теңге қаржы қарастырылып, 17 дана ауыр медициналық техника алу жоспарланып отыр. Осылайша облыстағы денсаулық сақтау саласында ірі жобалар қолға алынып, барынша жағдай жасалынуда.