Халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосу бүгінгі жастардың басты міндеттерінің бірі. Ана тілінің уызына жарымаған ұрпақтың болашағына үмітпен қарау құмды жерге шыбық шаншып жеміс береді деп үміт күтумен тең. Сондықтан да жөргегінде жатқанында бесік жырын әуелеткен ана әлдиімен бірге санасына сіңірген бала өз тіліне аса құрметпен қарап, өзгелердің де құрметпен қарауына ықпал етеді. Әрине мемлекеттік тілді меңгеру арқылы ұлттық сана мен биік рухты қалыптастыруға болады. Қазақтың қалың қаймағы жиылған оңтүстікте жастардың дені мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Бұл да болса нағыз қазақы ортаның жемісі болса керек. Тек қазақ жастары ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің жастары да мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, ерекше құрметпен қарайды. Араласатын ортасы түгелімен мемлекеттік тілде сайрап тұрса әрине олардың да үйренуге деген құлшынысы артары сөзсіз. Тілді үйретудің тетігі деп осындай қажеттілік туғызуды айтса керек. Одан бөлек тіл үйренуге деген қызығушылықты арттыратындай түрлі байқаулар мен конференциялар жиі өтіп тұрады. Қазақ тілінде бұлбұлша сайрайтын өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатында облыста түрлі тіл бәсекелері ұйымдастырылады. Онда түрлі қызықты нұсқалармен түрлендіруге басты назар аударылады. Осы байқауларда басқа бәсекелестерін басып озып бас бәйгені еншілегендер республикалық тіл бәсекелеріне қатысып жүр. Әзірге оңтүстіктен барған тіл үздіктері өзге өңірден келгендерді басып озып, бас бәйгені бермей келеді. Бұл Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей 2020 жылы мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 95 пайызға жеткізу жөніндегі мақсатқа жетудің жолында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Жуырда ғана Шымкент қаласындағы Назарбаев интелектуалдық мектебінің базасында облыстық білім жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл-тұнық ойдың кәусары» тақырыбында облыстық байқау өтті. Байқауға облыстың барлық аудан, қалаларынан қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар қатысты. Елбасының үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруға ат салысып жүрген жастар өздерінің тілді қаншалықты тереңдете меңгергендерін көрсете білді. Ең алдымен өз ана тілін жетік меңгерген жастың өзге тілді де тез меңгеріп кетері сөзсіз. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастар басқа екі тілде де берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындады. Заман жастардыкі, демек бүгінгі күннің басты талабы көп тіл білу. Замана ыңғайына қарай жастардың дені бүгінде тіл үйренуге ден қоя бастады. Ол үшін түрлі үйірмелер, курстар жетерлік. Онда біліктілігі жоғары мамандар үйретуден жалыққан емес. Байқауда барын салып дайындалған жастар тіл білімдері жоғары деңгейде екенін көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша жастар басқарманың бағалы сыйлықтары мен тиісті дипломдарымен марапатталды. Мұндай байқаулар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады… Қазақ жастары мен өзге ұлт өкілдері жастарының арасында бірнеше тілді еркін меңгерген қыз-жігіттер өте көп. Полиглоттардың арасында тоғыз шет тілінде еркін сөйлейтіндер де бар. Бір тіл білсең, демек сол тілде сөйлейтін тұтас бір елді білесің. Ортаң да кеңейеді. Ұсыныстар мен мүмкіндіктер де арта түседі. Білім жетілдіруде де көп тіл білудің көмегі көп. Тілді тереңдете меңгеру үшін жыл сайын біраз жастарымыз АҚШ-на, Англияға барып әрі жұмыс істеп, нәпақа тауып, әрі тіл үйреніп жүр. Бұл құптарлық-ақ іс.
Связанные истории
18.01.2021
25167
26.02.2020
25215