фото ТОӨКҚ
2026 жылғы 16 мамырда Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасының салтанатты іске қосу рәсімі өтті Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологияларын тәжірибелік тұрғыда қолдануға көшкен алғашқы ел болды.
Жоба су қоймаларын толықтыру деңгейін арттыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны толық ауқымда іске асыру 2026 жылғы 17 мамырда басталады.
Технология Түркістан облысындағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Жоба 1980-жылдардың соңынан бері ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту саласында көпжылдық тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.
Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
«Қазақстан климаттық орнықтылықтың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық қадам жасауда. Өңірде алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиялары саласында ауқымды жоба іске қосылып жатыр. Біз үшін бұл — ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен қазақстандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды», деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
