Азулы айтыскер ақындардың мекені Оңтүстік Қазақстан облысының республикалық айтыс додаларында үнемі асығы алшы. Айтулы айтыскер Тәушен Әбуованың ізін жалғаған ақтаңгерлер Әселхан Қалыбекова, Ақмарал Леубаева, Бекарыс Шойбековтер әрдайым аламанның алдын берген емес. Сөзі уәлі, аузы дуалы осы ақындардың ізін жалғаған жас толқын өсіп келеді. Қара сөзден қаймақ айырған от ауызды, орақ тілді айтулы ақындардың ізін басқан жас ақындар да осал емес. Осының дәлеліндей жуырда облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай «Көк тудың желбірегені…» атты республикалық жас ақындар айтысы өткен болатын. Аты айтып тұрғандай тарихымызға тағзым ретінде ұйымдастырылған айтыстың негізгі мақсаты жастарға тәуелсіздіктің маңыздылығын ұғындыру, таризымызға тағзым ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу болатын. Жас айтыскерлер қатысқан дода аса тартысты өтті. Жас болған соң оларға қателесу де тән, кейбірі қобалжуға бой алдырып, кібіртіктеп, айтатын ойларын жұптай алмай жатты. Әрине көбісіне алғашқы жыр додасы болған соң кешіріммен қарау дұрыс та. Алдағы аламандарда ысылып, қиыннан қыстырып, сөз тауып кететіндей тәжірибе жинары анық. Айтыстың тақырыбы сан алуан, бірі тарихтан қаузап, ұзақтан сілтесе, бірі бүгінгі қоғамда болып жатқан кемшіліктері тілге тиек етуге тырысты. Жас айтыскерлердің алғашқы адымы қуантты. Жас ақындардың айтысына еліміздің әр түкпірінен келген 12 ақын қатысып, бақтарын сынады. Келешекте алғыр ақындардың қатарынан орын алады-ау дегендей болашағынан мол үміт күттіретін жас ақындар көп көрінді. Қуантқаны да осы болды. Жастардың өнеріне әділқазылық еткендер де осал емес, Халықаралық, Республикалық айтыс додаларының жүлдегері, Отырар ауданының құрметті азаматы, Дүниежүзілік жас түрік жазушылары Одағының Қазақстандағы өкілі — Бекарыс Шойбеков, белгілі ақын — Абай Қалшабек, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директорының орынбасары — Уәлихан Қожақ , «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі — Үмітхан Алтаева болды. Бірінен бірі озып, сөз жарыстырған жастардың алғырлығын бағалау қазыларға да оңайға соққан жоқ. Әрине жастардың алғашқы қадамы болған соң олардың бірді- екілі қателіктеріне кешіріммен қарау дұрыс та сияқты. Дегенмен қамшы салдырмас дүлдүлдердің өсіп келе жатқаны қуандырды. «Көк тудың желбірегені» деп патриоттық бағытта ат қойылып, айдар тағылған республикалық жас ақындар айтысы тартысқа толы болды. Оңтүстік құрамасы мен Қазақстан құрамасы арасында өткен айтыстың бас жүлдесін жерлесіміз, болашағынан мол үміт күттіретін жас ақын Дәурен Ақсақалов жеңіп алды. Дүлдүл Дәуреннің бұл алғашқы жеңісі емес. Көктемде студенттер арасында өткен айтыста да оның мерейі үстем болған еді. Бірінші орынды Қызылорда облысының ақыны Мұхтар Ниязов, екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Қажымұхан Абзалов жеңіп алды. Ал жүлделі үшінші орын қызылордалық Мөлдір Айтбайға бұйырды. Жеңімпаздарға облыс әкімінің арнайы дипломы мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Айтысты тамашалаған көрермендер мұндай өнер додаларын тұрақты түрде өткізіп тұруды ұсынды. Әрине орынды да. Өйткені мұндай аламандар жас ақындардың сөз саптауларын түзеп, қанатын қатайтатыны сөзсіз. Ұлысымның ұйытқысы атанған оңтүстікте оңды істер жалғасын табуда. Соның бір көрінісі жас ақындар айтысының өтуі. Бұл кешегі өткен азулы айтыскер ақындардың ізін жалғау іспетті. Сөздің мәнін ұғар бүгінгі ұрпақ барда олардың ізі өшпек емес. Алдағы ғасырларда да олардың ізін жалғар ізбасарлары табылары сөзсіз. Сондықтан да хас өнер айтыс өлмек емес. Әрине, жастардың өнерін шыңдау үшін, келешекте республикалық, тіпті халықаралық айтыстарда оңтүстіктің мерейі үстем болуы үшін мұндай айтыс додалары жиі өткізіліп тұрса құба-құп.
Связанные истории
18.01.2021
25028
26.02.2020
25136