Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Хабар” арнасына берген сұхбатында Алматыдағы қанды оқиғаға қатысты ұйымдастырушылардың бес жұлдызды қонақ үйде тұрғанын айтты. Оларды біреу қаржыландырып, сол жерден командалық штаб ашқан. Президент Алматыдағы қақтығыс кезінде кезінде бұзақылардың бір тобы Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйде тұрғанын айтқан. Сол оқиғадан кейін қамауға алынған «Дикий Арманның» бұған қатысы бар ма? Экспресс К тілшісі осының астарына үңіліп көрді. Таяуда «Хабар» арнасына сұхбат берген Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезіндегі кейбір жағдайларға қатысты жауап берді. Президент өз сөзінде бұзақылардың бір тобы Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйде тұрғанын, сондай-ақ сол үшін біреулер ақша төлегенін атады. «Қазақстан» қонақ үйінің бірінші қабатында өздерінің командалық штабын ашқан. Қазір осыған қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, —деді Тоқаев. Қаңтар оқиғасы кезінде «Дикий Арман» деген атпен танымал Арман Жұмагелдиев «Қазақстан» қонақүйінде көмекке мұқтаж адамдарға азық-түлік таратты. Сол уақытта оның қасында бір топ қарулы адамдар жүрген. Қолдарына ақ лента байлаған азаматтық киімдегі адамдар қазір көптің талқысына түсіп жатыр. Біздің штаб-пәтеріміз «Қазақстан» қонақ үйінде орналасқан. Мұндағы азық-түлікті көмекке мұқтаж көп балалы аналар, әлеуметтік көмекті қажет ететіндер келіп алуына болады. Қазір Алла разылығы үшін біздің балалар қалалық емхананы күзетке алды, —дейді «Дикий» Арман. Бейнежазбада Арман Жұмагелдиев қонақ үйдің кең залында тұрғанын, азық-түліктің мол екенін байқауға болады. Ал есікті қарауылдап тұрған, қолына лента байлаған азаматтық киімдегі жігіттердің қолында атыс қаруы бары көрінеді. «Дикий» Арманның қарулы серіктерінің клиникаларды күзеткені қазір көпшілік арасында үлкен күдік тудырып отыр. Себебі, сол уақыттары Алматыдағы №1 және № 7 клиникалық аурухананың содырлары басып алып, дәрігерлер мен науқастарды кепілге алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл орайда «Дикийдің» серіктері қай емхананы «күзеткені» белгісіз. Әлеуметтік желіде тараған тағы бір бейнежазбада «Дикий» Арманның Алматыдағы орталық алаңда топ ортасында тұрғаны көрінеді. Сол кезде көпшілік алдында сөйлеген белгісіз біреу «Дикийдің» көзінше «Арман Жұмагелдиевті тыңдамау керектігін айтқан». Жігіттер, бұның барлығын айтып жатқан комитет (ҰҚК). Бұны арамызға комитет жіберіп отыр, —дейді белгісіз біреу. Сол кезде ашуға берілген «Дикий Арман» сөйлеп тұрған белгісіз адамды басынан тебеді. Алматыдағы қаралы оқиға кезінде күштік құрылым өкілдері Дикий Арманды қаладағы қонақ үйлердің бірінен төрт адаммен бірге қамауға алғанын хабарлаған. Алайда «біздің жігіттер емхананы күзетіп» тұр деген Арманның өзге де серіктерінің ұсталғанын туралы ақпарат жоқ. Ол ұсталған кезде қарсылық көрсетуге тырысты. Алайда арнайы жасақтың шешуші тойтарысының арқасында оның қарсылығы нәтиже бермеді, —деп хабарлады Ішкі істер миниистрлігі. Жаппай наразылық кезінде топтың арасында жүрген Дикий Арманға қатысты жұрт арасында сауал көп. Бұған дейін Стамбулда тұрған қылмыс әлемінің серкесі неліктен қаралы оқиға кезінде Алматыдан табыла кетті? Оның «Қазақстан» қонақүйіндегі штаб пәтерінде бейнекамерадан қашқақтаған қарулы адамдар не істеп жүр? Әзірге Ішкі істер министрлігі Арман Жұмагелдиевті екі айға қамауға алғанын ғана айтып отыр.