1987 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының кезекті ассамблеясында 26 маусым — «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп бекітілді. Сол уақыттан бері қоғам дертіне айналған есірткімен күрес Әлемде тұрақты түрде жүргізілуде. Осы атаулы күнге орай Түркістан облысы әкімдігінің ғимаратында келелі кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов пен полиция қызметкерлері, онлайн режимде ҚР Білім-ғылым министрі, Үкімет үйі, ҚР Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, бұқаралық ақпарат құралдарының мамандары, сонымен қатар Республикамыздың әр өңірінен жауапты мамандар қатысты. Маңызы зор шараның мақсаты – жастар арасындағы нашақорлықпен күрес, келешек ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Тиісті орган қызметкерлерінің басы қосылған жиында есірткімен күрес жолындағы нақты қадамдар жайлы баяндамалар жасалды. Әсіресе «ғасыр дертінің» ғаламтор арқылы жарнамаланып, сатылуы, яғни таралуын болдырмау мақсатында нақты жұмыстар талқыланды. Атап өтсек, жалпы облыста өткен жылы есірткімен күрес аясында 2025 профилактикалық іс-шара жүргізілген. Оның ішінде 118 акция, 134 семинар, 1132 лекция, 290 кездесу, 103 конкурс өткізілген. Биыл яғни, 2022 жылы аталмыш бағыттағы акциялар көптеп ұйымдастырлып, жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Ал полиция полковнигі Қ. Сахов өз сөзінде: «Жалпы қылмыскерлерді құрықтап, есірткіні жою біздің күнделікті күн тәртібімізде, назардан тыс қалмайды. Сол себепті есірткімен күресте жұмыла жұмыс атқарайық!»-деп атап өтті. Соңында жиналғандар: «Нашақорлықпен күрес жолында осы уақыт аралығында түрлі кездесу, жиындар, акциялар жүргізіледі. Жалпы бұл — әрбір тұлғаның міндеті. Бірлік бар жерде тірлік бар. Бәріміз бірге қоғам болып ат салысайық. Дені сау ұлтты қалыптастыру- баршамыздың қоғам алдындағы міндетіміз!» — алдағы жоспарларды нақтылап тарқасты.