Бүгінде әлемдік додаларда ел мерейін асқақтатып жүрген спортшыларымыздың жетерлік. Олардың дені ауылдан шыққан. Бала жасынан дене еңбегімен көбірек айналысатын ауыл балалары расында қара күшке ие. Оларды дер кезінде байқап, шамшырағын жаға білу де өнер. Қай спорт түріне бейім екенін бағамдап, тура жолға бағыттайтын жаттықтырушылардың еңбегі зор. Спортшының бабы келісіп, бағының жануы әрине жаттықтырушыға байланысты екендігі белгілі. Ауыл ауылды аралап, спортқа икемі бар жасөскіндерді жинап, орталықта жаттықтырып жүрген бапкерлер бүгінде баршылық. Ал олардың сенімін ақтап, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарымыз өсіп келеді. Бұл ретте кілең мықты спортшылардың басын біріктірген олимпиада резервін даярлайтын спорт мектептерінің алар орны ерекше. Жасөспірім шағында-ақ талай шаршы алаңдарда шашасына шаң жұқтырмай жүлдегер атанып жүргендердің дені осы спорт мектептерінің түлектері. Әсіресе Әбдісалан Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінің орны ерек. Әлемнің түкпір түкпірінде өтіп жатқан додаларда осы спорт мектебінің тәрбиеленушілері жүлделі орындарды қанжығасына байлап, облысымыздың ғана емес еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Алдыңғы толқын ағаларының жолын жалғастырып келе жатқан жасөскіндер жуырда тағы да мерейімізді асқақтатты. Жасөспірім спортшылардың биік белесі болып табылатын төрт жылда бір өтетін «Азия балалары» жарысында кіл мықтылар бас қосқан болатын. Ресей Федерациясының құрамдас бөлігі болып саналатын Саха Республикасында өткізілген байрақты бәсекеде алдыңғы орындардан табылу кім-кімге де оңайға соққан жоқ. Ресей Федерациясының премьер-министрі алауын тұтатқан дүбірлі додада Азия елдерінің ең таңдаулы спортшылары бақ сынады. Осы сында Қазақстан құрама командасы атынан ел намысын қорғауға түркістандық 4 спортшы аттанып, туған жерге абыроймен оралды. Оларға сенім артқан жаттықтырушылары да қателеспеген екен.
Әбдісалан Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінің тәрбиеленушілері Нилуфар Раимова, Аяулым Туғанбаева, Дариға Әбен еркін күрестен сынға түскен болатын. Жаттықтырушы Нұржігіт Ерімбетов өз шәкірттерінің сындарлы сәтте ұятқа қалдырмайтынын білген сынды. Білекті, жүректі Азияның арулары аянбай атой салған аренада түркістандық түлектер аянып қалмады. Ақырғы сәтте бағы мен бабы келіскен күрескер қыздар күміс алқа тағынып, ел мерейін асқақтатты. Сонымен бірге, Түркістан қалалық жекпе-жек түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Кемелбек Молдаш дзю-додан татами төрінде тіресіп, күресіп барын салған болатын. Ақтық сәтте алаң иесіне жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтуына тура келді. Дегенмен дәл осы сайыс Кемелбек Молдаш үшін жемісті болды. Осы жүлдесінен соң ҚР спорт шебері атағын алды. Жаттықтырушысы Бақытжан Абуов: «Шәкіртімнің бабы келіскенімен, бағы жанбай қалды деуден аулақпын. Кемелбектің шеберлігі мықты, қара күшке ие. Дзюдоның айла тәсілдерін жетік меңгерген. Болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкірттерімнің бірі. Бұл болашақ жеңістеріне апаратын баспалдақ қана. Әлі талай дүбірлі додаларда намысты қолдан бермейтініне кәміл сенімдімін», — дейді. Айта кетерлігі, қасиетті өңір өрендерінің жетістіктері тек осымен шектелмейді. Жуырда ғана Тайпейде өткен Азия чемпионатында еркін күрестен Диана Раимова ІІІ-орын алып, көк туымызды желбіреткен болатын. Киелі өңірдің жас өрендері бағындырар белестер әлі алда деп білеміз. Бекзат Саттархановтай жарық жұлдыз шыққан өңірден әлі талай спорт саңлақтары түлеп ұшары сөзсіз. Ол үшін барлық жағдай жасалып отыр. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектептеріне барынша жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде дарынды жас спортшылардың көптеп шығатындығының кепілдігі іспетті.
Дәулет Бейімбет