Сан ғасырлар тасасында қалып кетпей бүгінгі күнге жеткен ұлттық ойындарымыз баршылық. Ұлттық ойындардың арасынан қарқынды дамып келе жатқаны – аударыспақ. Білекті де жүректі жігіттердің қолы саналатын спорт түріне деген қызығушылық артып келеді бүгінде. Соның бір дәлеліндей аударыспақтан чемпионаттар тек елімізде ғана емес, шетелдерде де өткізіле бастауы. Ұлттық ойынымыз аударыспақтан жуырда Қытайда екінші ашық Азия чемпионаты өтті. Нағыз қара күшке иек артатын ойында 10 елдің 50 палуаны бас жүлдеге таласты. Олардың арасында Оңтүстік Қазақстанның да спортшылары бар. Білекті жігіттер бақ сынаған бәсекеде Оңтүстіктің атынан үш спортшы қатысып, барлығы да алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, қос аударыспақшы Сырым Ізбасаров пен Біржан Қосәлиев 90 келі салмақта жүзден жүйрік шықса, 80 келі салмақта Түймебек Жұмалиевтің жұлдызы жанды. Халықаралық жарыс кезінде, аталған үш чемпионнан бөлек, Жанбатыр Бекмұсаев «Үздік төреші» номинациясын жеңіп алды. Айта кету керек, аударыспақтан Азия чемпионаты екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Мәселен, екі жыл бұрын чемпионат ел ордасы – Астанада өтіп, онда екі спортшымыз чемпион атанса, биыл «Аспан асты елінде» өтіп отыр. Күні кеше Шымкентте аттың құлағында ойнайтын осы спортшылар марапатталды. Төл спортымыз аударыспақтың беделін асқақтатқан жерлестеріміз алдыңғы орындардан көрінді. Аспанасты еліндегі жарыста әуелі 60 келі салмақ дәрежесінде жерлестеріміз өнер көрсеткен. Әрине спорттың қай түрі болмасын бап болмаса бәрі бекер. Бұл жағынан алғанда оңтүстіктің оғландары ел намысын қолдан бермеді.
Бір қуанарлығы соңғы жылдары ұлттық спорттың көсегесі көгеріп, үкімет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл да болса Елбасының халыққа жолдаған жолдауында көрсетілген қадамдардың нақты жүзеге аса бастауы деуге болар. Бүгінгі күнде аударыспақ тек Қазақстанда емес, сондай-ақ Ауғанстан, Әзірбайжан, тіпті, Венгрия мемлекеттерінде қарқынды түрде дамып келеді. Шетелдіктер тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Аударыспақ ойыны негізінен нағыз қара күшке ие, хас батырлардың қолы. Оған қоса ептілікті де ерекше қажет ететіні тағы бар. Мұны тек білек күші бұлтылдаған, жүрегінің түгі бар жігіттер ғана жанына серік ете алады. Жалпы алғанда аталмыш чемпионат Қазақстан елінде қолданылып жүрген ереже бойынша өтеді. Алдағы өтетін жарыстарға Моңғолия, Ресейдің Таулы Алтай өлкесі, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Венгрия ат спорты дамыған мемлекеттердің сайыскерлері қатысуға ниет білдіріп отыр. Команда құрамы 5 адамнан, 3 спортшы, 1 жаттықтырушы, 1 команда жетекшісі болады. Әрине, Қытайда әр ұлттың дәстүріне үлкен құрметпен қарайды. Әр төрт жыл сайын республика көлемінде ұлттық спорттан мемлекеттік дәрежеде чемпионаттар өткізіліп тұрады. Ал, қазақтар көп мекен еткен Шынжаңда екі жылда бір рет әр ұлттың ұлттық спорт ойындары өтеді. Үш чемпионнан бөлек Жанбатыр Бекмұсаев «Үздік төреші» номинациясын жеңіп алды. Ал абсолют чемпиондыққа таласуда жерлесіміз Сырым Ізбасаров моңғолдың белді палуандарынан басым болған. Сонымен қатар Түймебек Жұмалиев, Біржан Қосалиев та алтыннан алқа тақты. Енді жерлестеріміз «Ұлы дала көшпенділері» атты халықаралық жарысқа дайындық үстінде. Бұл турнир қыркүйек айына жоспарланған. Ал келесі Азия чемпионаты екі жылдан кейін Моңғолияда өтеді.
Ғани Ахметбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры:
— Жігіттеріміздің дайындығы өте жоғары болды. Дегенмен өзге елде өтіп жатқан жарысқа өз аттарымызды шекарадан алып өту мүмкін болмады. Сол себепті Қытайға барып, жаттығу барысында біздің палуандарға сай келетін жылқыларды таңдап алдық. Дайындығы да, бабы да келіскен жігіттеріміздің арқасында жеңісті қолдан бермедік. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.
Дәулет Бейімбет