Талай өнер додаларында өздерінің дүлдүл екендіктерін дәлелдеп жүрген би ансамбльі бар оңтүстікте. «Қазына» атты әдемі атауды иеленген өнер ұжымы әрдайым биіктен көрініп келеді. Жуырда ғана яғни, шілде айының соңғы күндері Болгария Республикасының астанасы София қаласында өткен халықаралық «Витоша» халық билері фестиваліне еліміздің атынан қатысқан халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Қазына» би ансамблі жүлделі ІІ орынды иеленді. 11 мемлекет қатысқан би фестивалінде І орынды Корея, ІІІ орынды Колумбия мемлекеттері өзара бөліскен. Сонымен қатар, «Қазына» би ансамблі «Тұмар» фольклорлық ансамблімен бірігіп, тамыз айының 4-6 аралығында Аустрия Республикасының Клагенфурт және Филлах қалаларында өтетін «Villacherkirchtag» фольклорлық фестивалінде өнер көрсететін болады. Шығармашылық ұжым биылғы жылдың басында Алматыда алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстанның Розасы» Халықаралық би байқауында да өздерінің талантты ұжым екендіктерін дәлелдеген болатын. «Халықтық сахналық би» аталымы бойынша гран при иегері атанып облысымыздың мерейін асырған болатын. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның би ұжымы әрдайым ізденіс үстінде. Халықаралық дәрежедегі байқауларда бақ сынап жүрген ұжымның жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Ұжымдық жетістіктерден бөлек топ құрамындағы бірнеше биші арнайы дипломдармен де марапатталған. «Қазына» деген әдемі атау берілген би ансамблі ширек ғасырға жуық тарихы бар филормония құрылған күннен бастап өнер көрсетіп келеді. Шығармашылық топ кәсіби шебер бишілерден құралған…
Жалпы, би өнері – ерекше қабілетті, талантты талап ететіндігі белгілі. Түрлі музыка ырғағымен сантүрлі қимыл қозғалыстар жасап орындалатын, тақырыпқа негізделе отырып көрсетілетін көне өнер түрі бұл. Мойындау керек, сыншылар бүгінде елімізде би саласы ақсап тұр, заманға сай дамыту қажет деп сын тағуда. Алайда, бұл сынның «қазыналықтарға» жүрмейтіндігі анық. Өйткені өз-өздерін дәлелдеген, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген ұжымның әр қойылымына қарап, бұл сынның негізсіз екендігін түсінгендей боласыз. Үздік тәлімгерден тәлім-тәрбие, үлгі алған шәкірттер де өнерлерімен табындырып, таланттарымен тамсандырып, өзгелерді шеберліктерімен мойындатып жүр. Мұнда шәкірттер әр ұлт өкілдерінің, сондай-ақ модерн стиліндегі билерді, ең бастысы ұлттық билерімізді жаңғыртып жүр. Бүгінде би ұжымында бірнеше топ бар. Әрқайсысында талапты, талантты жастар көп. Мұнда тәлімгерлердің талабы күшті. Бишілердің аяқ көтеру, майысу, сазды бағдарламаны тыңдап білу қабілеттеріне қарап таңдайды. Би ансамблі бұл жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Алға қойылған жоспарлар да жеткілікті екен. Қай мерекеге арнап би қою да оңай емес, мәселен облыс орталығында өткізілетін әр мерекеде тақырыпқа сай би қоюға тырысады. Оның өзі көп еңбекті талап етеді. Онсыз да көп сын айтылатын би саласына соны серпіліс керектігін қазыналықтар жақсы біледі. Сондықтан да өнердің биік белесінен көрінуге талпынады. Кезінде сонау тоқырау жылдары филормонияның төбесінен тамшы таматын, суық залында да өнер көрсеткен. Ескіріп кеткен киімдерді бүтіндеген кездері де жоқ емес. Шұрқ тесік еденде де дайындық өткізген. Мәдениет саласына көңіл бөлінбей, көлеңкеде қалған кездер болатын ол. Ал бүгінде тәуелсіздіктің арқасында ескі ғимарат жаңаланды, ескі киім бүтінделді. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы филормония ұжымының бүкіл музыкалық аспаптарын, сахналық киімдерін толықтай жаңартып берді. Елбасы жолдауында нақты атап көтсетілгендей мәдениет саласына барынша көңіл бөлінуде. Соның арқасында өнер ұжымдары барын салып, еңбек етіп, талай додаларда еліміздің мерейін асырып жүр… Би ұжымы бұған дейін де талай биіктен көрінді. Бағындырар белестері де алда деген сенімдеміз.
Дәулет Бейімбет