Шетелде оқығысы келетін қазақстандық жастардың көбі «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына ілінуге тырысатыны белгілі. Аты айтып тұрғандай болашағы зор бағдарламаға деген жастардың құлшынысы алабөтен. Аталған бағдарлама қолға алынғалы бері алыс та жақын шетелдерде білім алып, бүгінде елге келіп қызмет етіп жатқан жастарымыз көп. Оңтүстік Қазақстан облысында «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылған 23 жылда 1 мыңға жуық ізденуші жоғары оқу орындарындағы білімін шетелдерде жалғастырған. Өткен жылдың өзінде өңірімізден 6 жас шетелде білім алу грантына ие болса, жалпы, аталған бағдарламамен білім алып жатқан жастар саны 68-ді құрайды. Елдің ертеңгі игілігі үшін құрылған бағдарламаның арқасында шетелдегі маңдайалды оқу орындарында оқып, бүгінде отанына оралып басшылық қызметте отырған жас болашақтықтар баршылық. Айтса айтқандай-ақ, оңтүстікқазақстандық 183 азамат бүгінгі таңда облыстағы түрлі мекемелерде жұмыс істеп жатса, соның 12-сі мемлекеттік қызметтерде басшылық лауазымында. Бірнеше тілді еркін меңгерген болашақтықтардың болашағы да жарқын. Қандай да бір қызметке тағайындарда «Болашақтың» түлегі деген тіркес қандай жарасымды естіледі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша жүргізілетін қабылдауға өз бетімен, мемлекеттік қызметкер ретінде, ғылыми-педагог қызметкер ретінде, мәдениет және шығармашылық қызметкерлері, БАҚ қызметкерлері немесе инженерлік-техникалық қызметкерлер санатында қатысуға болатындығы белгілі.
Ал құжаттарды 3 жолмен — «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, «E-gov» электронды үкіметі және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тапсыруға болады. Құжаттарды тапсыру талаптарын «Халықаралық бағдарламалар орталығынан» білуге болады. Бұл бағдарлама бойынша 23 жылда шетелдік оқу орындарында 10 мың жас жіберіліп, оның 6 мыңдайы оқу бітіріп келген.
Өзге елдерге барып оқысы келетін жастар «Болашақтан» өзге де бағдарламаларға қатыса алады. Әсіресе Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінде оқуға құлшыныс білдіретіндер басым. Қазақстан білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, елден Қытай университеттеріне жыл сайын 120 студент тегін оқуға барады. Оған қоса Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы келісімге сай қазақстандық студентке Қытай университеттері тағы 10 грант береді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша да, одан тыс та шетте оқығысы келетін жас қазақстандықтардың басым бөлігі Батыс университеттерін таңдайды. Бірақ Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі белгілі университеттерде шетелдіктер үшін бөлінетін гранттар саны тым аз. Түркияда да қазақстандық студенттерге деген жеңілдіктері көп. Осы елде оқуға грант жеңіп алса оқу, жатар орын – тегін. 1500 лир көлемінде ай сайын стипендия беріледі. Қазақстанға демалыс кезінде ұшып келуге ұшаққа билет те алып беретіні тағы бар. TÜBİTAK орталығының дерегінше, Қазақстан азаматтары Түркия университеттерінде техникалық, экономикалық, медициналық, гуманитарлық мамандықтар бойынша бакалавр, магистратура, докторантурада оқуына болады. Оқуға түскендер түрік, ағылшын тілін білмесе, бір жыл тегін тілдік курста оқытатын артықшылығы бар. Қазақстандық жастардың Оңтүстік Корея университеттерінде де тегін оқуына мүмкіндік бар. Бұл ел жыл сайын жүзге жуық шетелдік студентке мемлекеттік бағдарлама бойынша грант бөледі. Қазақстан азаматтары Жапония университеттерінде де тегін оқи алады. Конкурсқа 40 жасқа дейінгі азаматтар қатысады. Дәл осындай шетелдіктерге арналған білім гранттарын Үндістан үкіметі де жыл сайын бөліп отырады. «Болашақ» бағдарламасының еліміздің болашағына берері мол. Сондықтан да Елбасы Жолдауында басымдық берілгені тегін емес.
Динар Бекасыл