Оңтүстіктің оғландары әлемнің қай түкпірінде өтіп жатқан додалардан жүлдесіз қайтқан емес. Спорттың кең тараған түрлерінен алдарына жан салмаса, бүгінде кенжелеп дамып келе жатқан түрлерінен де олжа сала бастады. Жуырда оңтүстікқазақстандық ескекшілер алтыннан алқа тағынды. Белоруссияның астанасы Минск қаласында өткен жарыста екеулік каноэда 1 000 метрге жарысып Сергей мен Тимофей Емельяновтар қоржынымызға алтын медаль салды. 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионаты оңтүстікқазақстандықтар үшін осылайша олжалы болды. Бұл бір ғана алтын емес. Оңтүстіктің қоржынына екі бірдей медаль түсті. Оның бірі осы алтын болса, екінші – қола медальді жеке каноэда 200 метрге ескек есуде Сергей Емельянов алды. Әлемнің әр түкпірінен жиылған кілең мықтылардың арасында біздің спортшылар осалдық танытпады. Аталмыш чемпионатта екінші орынды румындықтар еншілесе, украиналық спортшылар алғашқы үштікті қорытындылады. Емельяновтар үшін бұл алғашқы дода емес. Өткен жылы Германияда өткен Әлем кубогі сайысында 500 метрге каноэмен жекелей жарыста жерлесіміз Сергей Емельянов қола медаль иесі атанған болатын. Жүлделі орындарды бермейтін Сергейдің ендігі шыңы Олимпиада ойындары. Сергей бұған дейін де халықаралық аренада топ жарып жүрген саңлақ спортшы. Ол алғаш рет жастар арасында әлемдік аренаны үш рет бағындырған. Бұл ел тарихындағы аталған спорт түрінен алғашқы жүлде болатын. Сергейдің бұл спорт түрін таңдауы да тегін емес. Өзі спортшылар отбасында тәрбиеленген. Сергейдің екі ағасы да каноэда ескек еседі. Тимофеймен бірге ол талай белесті бағындырған. Инчхонда өткен Азия ойындарында жерлесіміз 1 000 метрлік қашықтықта сынға түсіп, күмістен алқа таққан болатын. Байдарка мен каноэде ескек есуден дода төрт жылда бір рет өткізіліп тұрады. Ол еліміз бойынша Атырау қаласында өткізілген. Өйткені, спорттың бұл түрі Қазақстан бойынша бұрынғы Гурьевте пайда болған екен. Содан бергі уақытта еліміз бойынша оңтүстіктің оғландары алдыға қара салмай келеді. Сол жолы 9 команда қатысқан болатын. Алғашқы екі күннің ішінде жерлестеріміз 9 алтын медаль жеңіп алды. Бұл оңтүстік үшін әрине үлкен жетістік. Сырт жақта өткен дүбірлі додалардан көрі еліміздің ішінде өткізілетін спартакиадалар тым тартысты өтеді дейді спортшылар. Еліміздің қай облысында ұйымдастырылған жарыс болсын сарапқа салынған жүлделердің тең жартысын жерлестеріміз еншілеп кетеді. Бұл заңдылық та сияқты. Әлемдік додалардан жүлдесіз қайтпайтын Емельяновтар тұрғанда бұл жазылмаған заң іспетті де.
Денис Жарменов, ескек есуден Оңтүстік Қазақстан облысы құрамасының аға бапкері:
— Оңтүстіктің ескекшілері осал шығуы мүмкін еместей де. Олардың әрдайым дайындықтары мықты. Қай додаға түссе де топ жарып шығатындай мүмкіндіктері мол. Әрқашан да басты мақсатымыз — жеңіске қол жеткізу. Жерлестеріміздің мерейін асыру. Команда алдына қойған жоспарды орындамаған кезі жоқ.
Қай спартакиада болмасын қоржынға салынған медальдардың басым бөлігін Емельяновтар отбасы салады. Сергей мен Тимофей өздерінің мықтылықтарын әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойған… Кезінде дайындық өткізетін орын жоқ деп бапкерлердың қиналған кезі де болған. Облыс басшылығы алдында дайындық жасайтын орын жасақтап беріңіздер деп шырылдаған бапкерлердің бүгінде талабы орындалды. Олардың жанашырлықтарының есесін ескекшілеріміз еселеп қайтарып жүр. Расында бүгінде бәрі де бар, арнайы зал да, дайындық жасауға бар мүмкіндік жасалған. Тек бапкерлер мен жерлестерінің абыройын асқақтатса болғаны. Бүгінде қос саңлақ дайындықтарын пысықтау үстінде. Алда оларды талай дүбірлі додалар күтіп тұр. Қай додаға салсаң да үмітті ақтайтындары кәміл.
Дәулет Бейімбет