Киелі Түркістанға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Шежірелі мекенге табан тіреп, тарихи орындармен танысуды мақсат тұтқандардың қарасы жыл жылжыған сайын артып отыр. Мәселен, Түркістанға жылына 500 мыңнан астам турист келеді. Тарихы тереңнен тамыр тартқан Түркістан бүгінде діни туризм орталығына айналды. Ол өзінің 1 500-жылдық көне тарихымен де танымал. Бұл қала түркі тілдес халықтардың рухани орталығы, Қазақ хандығының саяси астанасы болғаны белгілі. Қала өзінің XV ғасырда Қ.А.Йасауиға арнап тұрғызылған кесенесімен де әйгілі. Жыл сайын осында еліміздің барлық өңірлерінен, арысы кәрі құрылқтан, берісі Орта Азиядан мыңдаған туристер келеді. Туристерді тартып тұратын тағы бір қыры Түркістандағы көптеген тарихи орындар. Бұл жердің аса қызықты археологиялық ескерткіштері ежелгі қала Отырардың гүлденген кезеңіне жатады, бұл ескерткіштер Отырар оазисі тарихи-мәдени қорығының құрамына енгізілген. ХІV ғасырда, яғни А.Иассауи кесенесі салынғаннан кейін, Түркістан бүкіл түркі тілдес халықтардың діни орталығына айналып, “Хазрети Түркістан” немесе “Кіші Мекке” атанды. Бұл болжамды шығыс зерттеушісі академик В.В.Бартольд да қолдайды. ХV ғасырда Түркістан Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы болады. Бұған дәлел – А.Иассауи кесенесі төңірегіне қазақ хандарының жерленуі. Түркістан қаласы сонымен қатар орта ғасырдың өзінде ірі білім орталығы болғандығы белгілі. Оның мәдени өмірінде дәруіш ақындардың, ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады. 1991 жылы Түркістанда «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ашылған. Осы мұражайда туристтерді қызықтыратын құнды жәдігерлер бар. Көнеден жеткен жәдігерлер сыр шертетін – тарихи-мәдени этнографиялық орталығы туристерді ең қызықтыртын орындардың бірі. Бұл музейде алты мыңнан астам жәдігер сақтаулы тұр. Аса құнды экспонаттардың біріне ағаштан жасалған хан тағы жатады. Ол көне жазбаларға, тарихи құжаттарға, археологиялық және ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, құрастырылған. Көбіне шетелдік туристер осы жәдігерді көбірек тамашалап, хас шеберлердің қолынан шыққан тарихи туындының қасында суретке түсуге құмар. Осы экспонаттағы сан түрлі ою-өрнектің нендей мағына беретіндігін сұраушылар көп. Орталықта ескі Түркістан, Сауран қалаларының орындарында, Сырдария жағалауында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей құнды заттар да аз емес. Музей қызметкерлерінің айтуынша, олардың арасында азаматтардың өздері әкеліп табыстайтын ескі дүниелер де аз емес. Кейбір тарихи бұйымдардың көшірмесін жергілікті шеберлер мінсіз жасаған. Мысалы, көне замандарда қолданылған арба, диірмен бәрі сол қалпы сақтаулы тұр. Мыс бақырлар да көне заманның куәгері. Жаугершілік заманда қолданылған жебенің үшкір басы, қоладан жасалған қанжар да осында. Ал тарихы тым тереңде жатқан әйелдердің басына тағатын алтынмен апталған әшекейлі бұйымына мың жарым жыл болған. Осы уақытқа дейін бүлінбей жеткен көне жәдігерлерді сақтау, қалпына келтіру технологияларын музей қызметкерлері атқарады. Осы кезге дейін жеткен дүниелерді бүлдірмей сақтау да аса көп қызметті талап етеді. Осы тарихи, мәдени құндылықтарды көзбен көруге жыл сайын бес жүз мың турист келеді. Енді бұл экспонаттармен тереңірек танысу мүмкін болып отыр. Музейлерге де заманауи технологиялар енгізілетін күн де таяу. Мұражай қызметкерлері келер жылдан бастап ақпараттық технологияны пайдалана бастайды. Электронды дүңгіршектер арқылы шетелдік қонақтар халықтың бай мәдениетімен кеңінен таныса алады. Бұл өз кезегінде шетелдік туристерге таптырмас пайда болып тұр. Әрине әлемдік жаңашыл идеялардың музейлерде де қолданылуы келушілерге көп пайдасын тигізері сөзсіз.
Динар Бекасыл