Ән әлемін әсем де сырлы сазымен тербеткен Шәмшінің шығармаларын білмей тін жан жоқ шығар бүгінде. Қазақтың тойы да, туған күні де барлық қуаныш қызығы Шәмшінің әнінсіз өтпейтіні тағы белгілі. Вальс королінің шығармаларын насихаттау мақсатында жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысында дәстүрлі түрде «Менің Қазақстаным» атты ән байқауы өткізіліп келеді. Сол дәстүр биыл да жалғасын тапты. Биылғы байқаудың ерекшелігі көп. Ән байқауы тұңғыш рет композитордың туған жері Отырар ауданында өтті. Талай тума таланттың тұсауын кескен қасиетті мекеннің аты аталғанда ең алдымен Шәмші Қалдаяқовтың есімі еске түседі. Композитордың өз атындағы ән байқауын бұрыннан-ақ туған жерінде өткізу заңдылық болуы іспетті еді. Байқаудың 1-2 кезеңдері 29 маусым мен 5 тамыз аралығында Шымкенттегі «Көрме» орталығында өтіп, оған облысымыздың аудан, қалалары мен оқу орындарынан 17-29 жас аралығындағы 100-ге жуық үміткер бақтарын сынады. Шәмшінің әнін нәшіне келтіріп орындаушылар тіптен көп болды. Сазды әнімен талайларды «Қайықта» тербеткен, «Арыс жағасында» аруымен сырластырған расында Шәмшінің кез-келген әнін білмейтін қазақ жоқ. Байқауға қатысушылар композитордың өзіне ұнаған әндерін таңдап алып, нәшіне келтіре орындады. Тіпті сазы мен назы келіскен әндерін жаңа тұрпатта тыңдау мүмкіндігі де туды. Әр әншінің мақамы әртүрлі болғанымен де Шәмші әндерінің иірімі бөлек қой, шіркін. Алғашқы іріктеуге қатысқан үміткерлердің арасынан «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары» ғана таңдалып алынды. Байқаудың 1-2 кезеңдерінен өткен 20 үміткер ғана ақтық сынға жолдама алды. Аталмыш байқаудың ашылу салтанатына өңіріміздің игі жақсылары – айтыскер ақындар, қоғам қайраткерлері, әнші, күйшілерден бастап Шәмшінің әнін құрмет тұтатын қауым түгел қатысты. Халықаралық дәрежедегі ән фестивалінде әділқазылар құрамында — композитор, шәмшітанушы, қазылар алқасының төрағасы Қалдыбек Құрманәлі, ҚР Мәдениет қайраткерлері Хадиша Шалабаева, Нұрлан Әділханов, «Өркен» ансамблінің көркемдік жетекшісі Өркен Рысдәулетов және Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Мәдіхан Дүйсеев болды.
Бір ғана байқау өткізумен шектеліп қалмай аталған шараға келген өнер сүйер қауым аудандық мәдениет сарайында ұйымдастырылған «Сағыныш сазын самғатқан – Шәмші» атты көрмені тамашалады. Гала-концертке Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының әншілері, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, «Оңтүстік-Цирк», Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері және балет тобы қатысты. Ұлы композитор Шəмші Қалдаяқовтың туған күніне орай өткен «Менің Қазақстаным» əн байқауының марапаттау рәсіміне өңір басшысы Б.Атамқұлов қатысты. Облыс басшысы барша Оңтүстік жұртын өнер мерекесімен құттықтап, дəстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан фестиваль биыл Шəмші Қалдаяқовтың туған жерінде тұңғыш рет өткізіліп отырғандығына ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ Бейбіт Бәкірұлы өзінің ұсынысын да ортаға салды. Бұл байқауды келер жылы Созақ ауданында өткізуді ұсынып, Астана қаласы мен Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын жеткізді.
Оның бұл ұсынысын қолдағандар көп болды. Ескерткіш орнату жоспары да көпшіліктің көңілінен шықты. Осылайша, ән әлемінің падишасы, вальс королі Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» конкурсында биыл жүзден жүйрік шығып, бас жүлдеге – Отырар ауданының тумасы Руслан Ақынбеков ие болды. Байқауға Шымкент қаласынан сынға түскен Тұрғынбек Бекзат І орынға ие болса, жүлделі ІІ орын созақтық Гүлбану Шалабаеваға бұйырды. Үшінші орынға Түркістан шаһарының намысын қорғап келген «Асу» дуэті лайықты деп танылса, облыс əкімінің жүлдесіне арыстық Жұлдыз Әділбекова қол жеткізді. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барша үміткерлерге облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталды. Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалінде Оңтүстік Қазақстан облысының әншілері 4 жыл қатарынан Бас жүлдені бермей келеді. Әрине, бұл заңдыулық та шығар. Өйткені Шәмшідей тума талантты дүниеге әкелген өңірде дарындылардың көш басында болуы расында да заңдылық іспетті.
Динар Бекасыл