Биыл Қазақ елінің өз Тәуелсіздігін жариялағанына – 25 жыл толмақ. Қараша айында Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ашылғанына 15 жыл толады. Аталмыш музей 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жыл толуына орай ашылған болатын. Бұл күллі республика көлемінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған алғашқы мұражай-тұғын. Оның ашылуына облысымздағы ұлтжанды азаматтар мұрындық болған. Бүгінгі күнге дейін 11 мыңнан астам тарихи, деректі, нешеме түрлі құжаттар жинақталды. Мұражай үйі айрықша сәулеттік жобамен салынған. Аспаннан түскен найзағайды бейнелейді. Қызыл, қара, қоңыр және сұрғылт түстер астарлы түрде астасып тұр. Ішкі, негізгі залы киіз үй іспеттес. Ортадағы “Репрессия” атты мүсіндік туынды кім-кімге болса да ой саларлықтай. Музей қазақтың ұлттық қолөнеріне өшпестей із қалдырған этнодизайнер Аманжол Найманбайдың жобасы бойынша жасалған. 15 жылға жуық аралықта музей мамандары Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты қаншама құнды құжаттармен толықтырды. Ол үшін шетел асып, нешеме музейлерден алаш арыстарына қатысты мағлұматтар жинады. Ташкент сапарынан “Шолпан” журналының сегіз нөмірін, “Ақ жол” газетінің 25 нөмірін түсіріп әкеліп тарихымызға өлшеусіз үлес қосты. Мұның бәрі де музей қызметкерлерінің аянбай еткен еңбегінің арқасы. Құнды дүниелерді қазіргі қаріп бойынша қайта жасау, игеру, оңайға соққан жоқ. Журналда да, газетте де құнды мақалалар мен қымбат суреттер аз емес болатын. Ұлт үшін жанын беріп, қанын төккен арда ұлдарды ардақтау мақсатында
«Қайтпас» ықшамауданынан «Қасiрет» мемориалдық кешенi бой көтердi. Жыл сайын саяси құрбандарды еске алуға арналаған арнайы еске алу жиыны қткізіліп тұрады. Музейдi ашылған уақыттан берi Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ханбибi Есенқарақызы басқарып келедi. Ұжым осы мерзiм аралығында ұлттық тарихымызға өлшеусіз үлес қосатын көп жұмыстар атқарды. Қыруар еңбек атқарлғаны музей табалдырығын аттағаннан-ақ көрініп тұрады. Ұдайы түрлi iс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ал саясаттың құрбаны болған жандарға арналып түсірілген деректi фильмдердің өзі бір төбе. 10-15 минуттық деректі фильм түсіру үшін қаншама архив ақтару қажеттігін былайғы жұрт білмесе керек. Елiмiздегі ашаршылық құрбандарына арналған тұңғыш деректi фильм де осы музей мамандарының арқасында жүзеге асты. Сондай-ақ, Репрессия құрбандарының ұрпақтарымен тығыз байланыс орнатты. Олардың естелiк жазбаларынан құралған «Қан жүректi қайғылым» атты кiтап жарыққа шықты. Музейдiң айрықша мақтан тұтар бiр iсi – архивтерден алынған материалдар негiзiнде «Ақ жол» газетiнiң кiтапқа айналуы. Бұл газет өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары әуелi Ташкентте, кейiн Шымкентте жарық көрдi. Қазақ тағдырының алмағайып кезеңiнде дүниеге келiп, өз ұлтының өзгелерден кем болмауы үшiн күрескен алашшыл азаматтардың үн байрағына айналғаны белгілі. Жуырда Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов осы музейдiң директоры Ханбибi Есенқарақызын қабылдады. Қабылдау кезiнде музей директоры әдебиет және өнер жайлы әңгiмелеп, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында «Ақ жолдың» баспаға толық дайын екендiгiн айтты. Бұдан бұрын кiтаптың 10 томдығы Мәдениет және спорт министрлiгiнiң қолдауы арқылы 22 мың дана таралыммен басылып шыққан болатын. Облыстық «Отырар» кiтапханасына 2 миллион 300 мың теңгенiң кiтабы тегiн берiлдi. Осылайша шағын музей Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына 25 томдық «Ақ жол» газетiн дайындап, қалың оқырманға рухани азық етiп ұсынғалы отыр. Облыс әкiмi өз тарапынан «Қасiрет» мемориалдық кешенiне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргiзу, саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейi үшiн үлкен ғимарат салу жоспарын жасау, оңтүстiк өңiрiнде жазықсыз атылған 2,5 мың адамның есiмiн гранит тасқа қашап жазу керектiгiн айтты. Қазiргi уақытта бұл шараларды жүзеге асыру мәселелерi қолға алынуда. Мұның бәрі де облыстағы мәдениет, руханият саласына деген қамқорлықтың арқасы деп білсек керек.