Жылыжайдан табыс мол Бүгінде Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді. Еңбекқор, талмай талаптануды білетін өңір тұрғындары аталмыш шаруашылықтың қыр сырын үйреніп нәпақа тауып отыр. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауылының тұрғыны Есенгелді Мақұлбеков Жылыжайдан жыл бойы табыс тауып отыр. Жеке кәсіпкер бұл күндері өз үйінің бақшалығында жылыжай шаруашылығын дамытып, ісін дөңгелетіп отырған шаруа. Ол үшін гектарлаған жерді сатып алмай ақ ауласын әжетке жаратуда.и Есік алдындағы он бес сотық жерді тиімді пайдалану мақсатында жылыжай тұрғызып, бастан-аяқ қияр егіп шықты. Қазір қиярды екі күнде бір теріп, өнімін ойдағыдай алып жатыр.Күн аралатып терген терімнен бір тоннаға жуық өнім алады. Балғын өнімге сұраныс та көп. Таңертеңгісін жинаған өнімді алып, Шымкент қаласының орталық базарына көтерме бағамен өткізіп келеді. Дәл қазір келісін тоқсан теңгеден сатып алып қалатын тұтынушылар баршылық. Күн суыта бастағанда баға да өседі. Ол кезде түсетін табыс та жақсарады. Дегенмен жылыжайды жылытуға кететін отынның ақысы да арзан емес. Күнкөріс көзін жылыжайдан тапқан кәсіпкер ертелі-кеш осылай тер төгеді. Осы кәсіпті игеріп алып кетуіне себепкер болған Ордабасы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы. Мұндағы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы үш миллион теңге несие алып, бастаған болатын. Тәуекелмен бастаған ісі нәтижелі болып, жемісін көріп отыр. Бастапқыда жылыжайдың үстін жауып, оған керек-жарақты темірі мен ағашын, қаптайтын кленкасын, суғаратын құбырларын, тұқымдықтар мен тыңайтқыштарды түгендеуге осы алған қаражатты жұмсады. Ауылда өскен азамат егіншіліктің қыр сырын бұрыннан ақ білетін. Бала кезінен диханшылықты көріп өскендіктен, оған жылыжай құрылысын жүргізу аса қиынға соққан жоқ. Тіпті, іргетасынан үстінің жабындысына дейін өзі тұрғызып шықты. Қоластында екі жұмыскері бар. Шаруашылықты тыңғылықты жүргіуге көмектеседі. Егін егуді ата кәсіп санайтын Өзбекстанда туып, өскен кейіпкеріміз үшін бұл шаруашылықты жүргізу аса қиынға соқпады. Ол 2008 жылы Өзбекстаннан атамекенге оралған. Өзінің мамандығы механик, көп жылдар теміржол саласында жұмыс істеген. Алғашқы жылдары Орал қаласына қоныс теуіп, тұрақтап қалмақ болған-тұғын, алайда жұмыс көзі табылмай, оның үстіне суық жақты жерсіне алмай, осында оңтүстік өңірдегі Ордабасы ауданынан он үш шақырым әріде жатқан Шұбарға бүйрегі бұрды. Нәсіп осы жерден бұйырып тұр ма, әйтеуір жатсынған, жатырқаған жан болған жоқ. Қайда барса да өзінің қаракөз қазақтары. Ауыл іші тату-тәтті, берекелі, кәделеп асқа шақырып, қонақ қылып күтіп, ақ көңілін білдіріп жатқаны. Сондықтан ауылға демде үйі-ішімен үйренісіп кетті. Ала көктемнен егуді бастайды, міне, өнім бергеніне бір жарым ай, нақтырағы қырық күндей болып қалды. Жылыжайдағы көкөністі күтіп баптау оңай емес. Мұның да тілін біліп, уақытылы суғарып, мерзімімен тыңайтқыштарын беріп отырғанда ғана нәтижеге қол жеткізе аласыз, — дейді Есенкелді Мақұлбеков. Қияр кірпияз өсімдік. Аса күтімді қажет етеді. Тұқымдыққа да жақсысын таңдау керек. Әйтпесе еңбегің еш кетеді. Мұндағы жылыжайға құрылғыны кәсіпкердің өзі қондырып алған. Күніне қырық минут уақыт су жіберсеңіз болғаны, үш тонна су жұмсалып, әрбір көшетті жүйек-жүйегімен суғарып шығады. Кез-келген кәсіпкер нарықты зерттеп отыруы қажет. Әйтпесе еңбегің далаға кетуі мүмкін. Мәселен, ала жаздай аса сұранысқа ие қияр күзге таман саудасы тоқтайды. Банкі жабатындар сауданы өкірткенімен күн суыған соң тек қона шақыратын дар ғана, сосынғысын аз маз мейрамханалар ғана сұраныс жасайды. Одан кейін егістікті уақытша тоқтатат тұруға тура келеді. Дегенмен ақпан айының басынан егісті бастау ойында бар. Егер қыстың соңынан бастасам, күздің соңғы айларына дейін көкөніс жинауға мүмкіндік болады. Ол үшін жылыжайға жылу жүйесін орнату қажет. Ондай жоспарым бұрыннан болған. Сол себепті, әу баста жылыжай құрылысын қолға аларда әдейі қымбат, сапалы қалың кленкаларды қолдандым. Бұлар енді үш-төрт жылға дейін міз бақпай, шыдас бере алады. Жалпы, қиярды шілде айында күніне екі рет суарған дұрыс. Бірінде таңғы күн шапағы шығар-шықпас салқынмен суарып алсаңыз, соңғысын кешкі салқынмен, күн батқанда іске асырған жөн. Есіңізде болсын, күннің шыжыған ыстығында қиярды суғару қауіпті дейді кәсіпкер көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп. Он бес сотық жерге қазір күніне үш тонна су кетеді. Айтпақшы, бұл жылыжайға тамшылатып суғару әдісін қолданады. Өте тиімді, әрі үнемді. -Тамшылатып суғаруды әрбір жылыжай иесі оңай қондырып алуына болады, — деді ол. – Базарға барсаңыздар, тамшылаптып суғарудың құрал-жабдықтары толып тұр. Егер жылу қондырғыларын орнатып, салқын күндері де қияр егуді қолға алса, еңбек өнімділігі екі есеге дейін ұлғаяды. Қазір екі жұмысшының да қолдары бос емес, жинап-теру, суғару, тозаңдандыру жұмыстарымен айналысады. Арам шөптерден тазартып қою да өз алдына уақыт алады. Жұмысшылардың жалақысы қырық мың теңге шамасында. Кәсіпкер Есенкелді Мақұлбеков өзінің жұбайымен, балаларымен бірге жылыжай шаруашылығының жұмыстарына жұмыла кіріседі. «Еңбек етпей ер оңбас, бірлік болмай ел оңбас» деген. Ертелі-кеш еңбек етіп, жылыжай шаруашылығын бар ынтасымен бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, бас-көз болып, білгенін елге үйретіп жүрген Есенкелді ағаның еңбекқорлығына риза болдық. — Сарыағашта жора-жолдастарымның бәрі осындай жылыжай шаруасымен шұғылданады, мен де сол достарымнан кеңес алып, істі бастағанмын. Міне, қазір соның жемісін көре бастағандаймын. Мемлекеттік Еңбек бағдарламасына, осы бағдарламаның орын алуын үйлестіре ұйымдастырып отырған Халықты жұмыспен қамту орталығына алғысымды білдіремін,- дейді кәсіпкер. Алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайту да жоспарында бар.