Танымал жазушы Шойбек Орынбай тағы да бір тың туындысын ұсынып оқырмандарын қуантты. Қаламы қарымды қаламгер детектив жанрында тер төгіп, талай қызықты романдарымен де танылған. Біраз уақыттан бері тарихи шығармаларға ден қойып, терең зерттеу жүргізген жазушы «ҚАЙҒЫ ЗАМАН немесе ТӨЛЕ БИ ТАҒДЫРЫ» деп аталатын роман-дилогиясын жарыққа шығарды. Аталмыш жинақтың толық емес нұсқасы «Жiбек жолы» баспасынан 2000 жылы жарыққа шыққан болатын. Оқырман тарапынан жоғары бағасын алған туынды кейiн 2013 жылы «Төле би» жетi томдығының 4-5 томдарында эпикалық көркем шығарманың толық нұсқасы болып енгiзiлген еді. Жуырда автордың қос томдығы сол басылымның негiзiнде «Атамұра» баспасынан қайта жарық көрдi. Әрине тарихи шығарма жазу оңай емес. Ол үшін зерттеу жүргізіп, шежірешілермен ақылдасып, тарихқа қиянат жасамайтындай етіп жазылуы тиіс. Ол жағынан алғанда автордың көп еңбектенгені көрініп тұр. Қоғам қайраткерлері, жазушылар жалпы зиялы қауым аталмыш кітапқа жоғары баға беріп те үлгерді. Шойбек Орынбайдың аталған кiтабында ұлтымыздың мемлекет болып қалыптасуындағы өте ауыр кезеңдерi қамтылған. ХҮII ғасырдың екiншi жартысы мен ХҮIII ғасырдың бiрiншi жартысында қазақ халқы тағдыр талқысына түскені белгілі. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыраған ұлттың жойылып кету қаупi туды. Сол зар заманда атақты хандарымыз – Әз Тәуке, Әбiлқайыр, Абылай, кемеңгер билеріміз — Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, даңқты батырларымыз – Қарасай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қойгелдi, Хангелдi, Елшiбек, Өтеген, Бөлек, Райымбек, орақ тiлдi жырауларымыз – Қожаберген, Ақтанбердi, Бұқар жыраулардың қазақ тарихында ойып тұрып орын алған тұлғалардың тағдыры суреттеледі. Көркем тілмен бейнеленіп, ұшқыр оймен әдіптелген роман оқырман ойынан шығары сөзсіз. Екi кiтаптан тұратын романда тарихи деректермен қатар шежiрелiк аңыздар, танымдық ой-толғамдар қатар өрiлiп отырады. Кезінде жазушының осы аттас шығармасы облыстық Жұмат Шанин атындағы театрда саханаланған болатын. Көрермені ең көп қойылымдардың бірі болды. Әлі де сахна төрінен түспей келеді. Бұл да болса жазушының тарихи тақырыпты жоғары деңгейде жазып, оқырманға ұсына білуінде болса керек. Бүгінде тарихи туындылардың қатарынан ойып тұрып орын алатын жаңа кітап әдебиетсүйер қауым арасында қызу талқылауға ұласуда. Жуырда «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кiтапханасында жазушы, журналист, «Құрмет» орденiнiң иегерi Шойбек Орынбайдың осы туындысының яғни, «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» атты екi томдық тарихи-танымдық романының тұсаукесерi болды. Әдеби кешке ақын-жазушылар, Төле би бабаның тiкелей ұрпақтары мен зиялы қауым өкiлдерi, әдебиетсүйер қауым қатысты. Жаңа шығарманы бір деммен оқып шыққан оқырман қауым жылы лебіздерін білдірді. Жазушы Мархабат Байғұт кеш тізгінін ұстап, роман туралы пікірлерге кезек беріп отырды. Қатысушылар қаламгер шығармалары туралы терең талдап, ой бөлісті. Тарихи шығарманы тілге тиек еткендердің біразы тираждың тым аздығына, оқырманның барлығына бірдей жетпейтіндігіне қынжылыс білдірді. Расында бүгінде кітаптардың өте аз таралыммен шығатындығы, оның өзі облыстағы кітапханаларға таратқаннан да артылмайтыны анық қой. Кітапқа тек жазушылар ғана емес тарихшылар да өз бағасын берді. Туындыда ең бастысы тiлi шұрайлылғы мен диалогтардың күрделі берілуі ұтатындығы анық. Бұл жағынан алғанда жазушының ұтқаны көрініп тұр. Бұрынғы би, шешендеріміздің толғамды ойларын керемет бере білген. Әдеби кеште «Қаламының киесi бар қаламгер» атты слайд-шоу көрсетiлдi. «Отырар» кітапханасының ұжымы әрдайым жаңа кітаптың тұсауын кесіп, жақсы іске ұйытқы болумен келеді. Кешке қатысушылар кітапхана ұжымына алғыстарын жаудырды. Жаңа кітапты «Төле би» қоғамдық қорына хабарласып алуға болады.
Динар Бекасыл