Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жуырда облыс орталығында «Алтын күн» атты суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Игі шараға Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы мен суретшілер одағы мұрындық болған. Онда елімізге белгілі 10-ға тарта суретшілердің туындылары қойылды. Көрменің тақырып аясы кең. Тәуелсіздікті дәріптеп, Мәңгілік елдің жетістігінен сыр шертетін сан алуан суреттер көрменің келбетін аша түскендей. «Алтын күн» деп аталатын көрмеде Алматы, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларынан келген бейнелеу өнерінің майталмандарының қылқаламынан шыққан туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Аты айтып тұрғандай биылғы жылы еліміздің егемендігінің мерейтойына арналғандықтан суреттердің басым бөлігі Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін бейнелеу өнері арқылы дәріптей білді. Көрмеге шақырту алған суретшілердің барлығы да бейнелеу өнері саласында өзіндік қолтаңбасы бар суретшілер,С.Илияев,А.Мұратбаев,З.Қожамқұлов,Ш.Гулиев,Б. Нұрмағанбетов, М. Бекенов, А. Ахаманов, Қ. Мұратаев сияқты суретшілер өз туындыларымен көпшіліктің көзаймына айналған. Танымал суретші, мүсінші, педагог, Зұлқайнар Қожамқұлов туралы кезінде ҚР Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков «Зұлқайнар — қазіргі уақыттағы қазақ сурет кеңістігіндегі қарымды еңбек ететін суретшілердің бірі. Оның басқа суретшілерден ерекшелігі — оның түр-түсті көрсетуі мен композициялық пішінінің даралығы», — деп баға берген болатын. Суретшінің ірі туындыларының қатарына 1995-1997 жылдары Бексейіт Түлкиевпен бірлесіп салған тарихи «Ұлы көш» суреті жатады. Ол қазір Алматы қаласындағы Елбасы Резиденциясында тұр. Қазақтың тарихи тұлғаларын бейнелеген туынды кезінде жоғары бағаланған еді. Бүгінде оның көшірмелері көптеген мұражайларда тұр. Екінші ірі туындыларының бірі — Түркістан қаласындағы монументалды «Түркі халықтарының тарихы» атты панорамалық жұмысы болып табылады. Бейнелеу өнерінде өзіндік сара жолы бар суретші негізінен қазақ халқының мәдениеті, тұрмысы мен салты айқын, айшықты көрініс табатын суреттері басым. Оның сонымен қатар, «Дыбыс үні», «Ыстық тоқаш», «Кезек», «Қазығұрт кемесі», «Төле би», «Сахна», «Сәукеле киген қыз» және тағы да басқа туындылары көпшіліктің көзайымына айналған. Керемет туындыларымен танылған қылқалам шебері жұртшылыққа суретші ретінде ғана емес, майлы бояу шебері әрі, мүсінші ретінде де белгілі. Зұлқайнар Қожамқұлов халықаралық, бүкілодақтық, республикалық және облыстық көрмелердің қатысушысы, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, «Әлем халықтарының өнері» атты Халықаралық қауымдастықтың мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері. Суретшінің осы жолғы көрмеге алып келген суреттері жұрт назарына алдымен іліккен тың туындылар. Ал көрмеге қатысуға шақырту алған суретшілердің тағы бірі Бауыржан Нұрмағанбетов. Оның мұнда көптеген туындылары қойылды. Қазақ халқының тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін суреттерін тамашалаушылар өте көп болды. Ал Жамбыл облысының Жуалы ауданынан келген Қанат Жұматаев те елімізге белгілі қылқалам шебері. Оның қаламынан шыққан «Тамыр», «Жекпе-жек» «Кенесары хан», «Аңыз батыр», «Бүркітші», «Көкпар», «Көшпенділер» секілді көптеген картиналары ұлттық болмысымыздан сыр таратады. «Тамыр», «Мерген» және «Көшпенділер» картинасында ежелгі қазақ даласын мекендеген сақ пен ғұн, түркі тайпаларының тұрмыс тіршілігін бейнелеген. Бауыржан Момышұлының көзі тірісінде бейнелеген туындысы да кезінде үздік деп танылған болатын… Көрмеге қойылған барлық туынды таңдалып алынған ең үздік картиналар. Аталмыш көрмеге келушілердің қатары көп болды. Әр картинаның алдына үймелеген көпшілік сурет сырына үңілгендей. Бейнелеу өнерінің жілігін жағып, майын ішкен майталман мамандардың қылқаламынан шыққан туындылардан алдағы уақытта тағы да көрме ұйымдастырылатын болады.
Динар Бекасыл