Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қарақат Әбденнің Семей қаласындағы сайлауалды кездесуі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келді. Қарақат Әбден үшін бұл мерекенің орны ерекше екендігі белгілі болды. «Мені президенттікке кандидат ретінде «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ұсынған болатын. Әлеуметтік қызметтің еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Көп жағдайда әлеуметтік қызметкерлердің қиын жұмысы көпшілікке көрінбейді. Сондай-ақ бұл салада еңбек ететін жандардың 90% әйелдер қауымы құрайды. Жалпы, әлеуметтік қызметкерлердің жұмысына мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөліну керек деп санаймын», деді Қ.Әбден. Жиын барысында президенттікке үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік саланы жетілдіруге, қарияларға арналған жеңілдіктерді көбейтуге қатысты сұрақтар мен ұсыныстарды талқылады. Бұған дейін Қ.Әбден Павлодар қаласының сайлаушыларымен кездесу өткізген болатын. Кандидат ұстаздармен жүздесіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге назар аударды. «Студенттер, білім алушы жастар – еліміздің болашағы, ал ұстаздар – қоғамдағы орны ерекше тұлғалар. Сайлауалды бағдарламада білім беру саласын жетілдіруге көп көңіл бөлінген. Әсіресе, білім алушылар үшін жоғары білімнің тегін болуы, олардың жатақханамен, инновациялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі аса өзекті», деді кандидат.