ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен облыстық сайлауалды штабтармен zoom-конференция өткізді. Үміткер үш облыста өткен сапар нәтижелері, республиканың ірі кәсіпорындарының қызметкерлері, студенттер, жас кәсіпкерлер және кәсіподақ мүшелерімен өткен кездесулер жайлы айтты. Өз кезегінде, сенімді тұлғалар өңірлердегі штабтар жұмыстары туралы есеп берді. Онлайн-кездесу барысында сайлау науқанының барысы мен кандидаттың жоспарланған сапарларына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Күннің екінші жартысында Мейрам Қажыкен кәсіподақтар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар әлеуметтік әріптестік, еңбек және әлеуметтік қатынастарды реттеу тақырыптарын талқылады. «Әлемдік тәжірибеде екі тарап – жұмыс беруші мен қызметкердің пікірлері бір жерден шықпаса, онда талқылау барысында олар өзара тиімді шешімдерге қол жеткізеді. Осыдан соң олар заң жүзінде, белгілі бір нормалар мен ережелерді қабылдау үшін мемлекетке тең серіктес ретінде көмекке жүгінеді. Бұл біз алдағы уақытта қол жеткізетін, тараптардың қарым-қатынасының жаңа форматы болмақ. Алайда, бұл қиын жол, себебі көптеген кәсіпкерлер жұмысшыларға сенбейді және болашақ қызметкерлер де жұмыс берушілерге көп жағдайда сене бермейді. Мұның барлығы өткенде қалуы тиіс, біз бұл тәжірибеден біртіндеп бас тартуымыз керек», – деп атап өтті Президенттікке кандидат. Айта кетейік, 2021 жылдың көктемінде ҚР Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Басты келісімге қол қойылған еді. Құжаттың негізгі міндеттері – жұмысшыларға қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау.