Қолы ұсынақты ұста кәсібін дөңгелетіп отыр Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті бастауға және дамытуға өтеусіз берілетін бастапқы капитал. Осы бастапқы қаражатты аплып бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қатары көп. Грант ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, мемлекет кәсіпкерлердің қатарын көбейтіп, жағдай жасап, демеп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып нартәуекел етіп ісін бастап кетіп жатқандар бар. Әлі де ойланып қорқасоқтап жүргендер де бар. Дегенмен бір шындық бар… Көптеген адамдар өз бизнесін ашуды армандайды. Алайда, көпшілік үшін негізгі кедергі — бастапқы капиталдың жетіспеушілігі. Банктен алынған несиелерді пайдаланып бизнесті бастау — бұл екі еселенген тәуекел. Көпшіліктің қорқақтайтыны да осы. Жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді қолдау үшін, мемлекет арнайы тиімді бағдарламаны іске қосты, оның аясында, өтеусіз грант алуға болады. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі — Базарбай Бейсенов. Түркістан облысы, Жетісай қаласында тұратын шебер темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын ерекше кәсіпті нәсіп етіп отыр. Темір бұйымдарының көрігін қыздырып отырған ұстаның қолынан шыққан дүниеге сұраныс көп. Атағы алысқа кеткен ұста дүкенін ұстап отыр. О кісіге дабысы жер жарған жарнаманың да түкке де қажеті жоқ. Шебердің қолынан шыққан әдемі дүниені көріп бірінен бірі сұрастырып ұстаны өздері ақ тауып алады. Мемлекеттік қолдау дәл осындай қолынан іс келетіндерге арналған ғой. Жуырда ғана мемлекеттен 1 миллион 200 мың қайтарымсыз грант алып, кәсібін кеңейткен жайы бар. Ұста дүкеніне қажетті заттарды сатып алып, марқайып қалғаны бар. Бұрынғыдан да жылдам іс бітіруге сатып алған судай жаңа құрылғылары жарап тұр. Алған тапсырысын дер уақытында, айтқан сәтінде бітіріп беру жеңілдей түсті. Алдағы уақытта дүкенін тағы да кеңейту жоспарында бар. Жеті өнерді де аз деп білетін Базарбай ұстаның қолынан келмейтін ісі жоқ. Темірден жасаған бұйымдары көздің жауын алады. Үйлерге жылыту құбырларын кіргізеді. Қолынан шыққан дүниесі тап-тұйнақтай, сапалы. Сан сылтауы бітпейтін өзгелер сияқты емес, істеген ісін ешкімге міндет те қылмайды. Қайта жаңадан тың дүниелер ойлап тауып, кәсібінің керегесін кеңейтіп отыр. Қасына адам алып, тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ағаштан ою ою да атадан қалған қасиет. Бала күнінен ағаштың бетіне бедерлеп ою салғанды ұнататын. Есейе келе осы өнерін өрістете түсті. Ескірген сандықтарды жаңалап, тұтынушының талғамына сай сапалы тақтайға ою өрнек бедерлеп береді. Мұндай сандықтар өмір бақи реңін жоғалтпайды дейді. Нағыз шебердің қолынан шыққан сапалы дүниеге тұтынушыларының алғыстан басқа айтары жоқ. Бағасы да айға ақырып тұрған жоқ. Қалтаға қонымды. Сапа мен баға үндесіп тұрған соң тұтынушы қайтадан айналып келе береді. Ол басқа тұтынушыны тартады. Осылайша нағыз шебер тұтынушыларының қатарын арттырып отыр. Мемлекеттен алған қайтарымсыз қаражатқа шеберханаға қажетті біраз құрал-саймандарын алған. Әлі де толықтыратын тұстары бар. Ата-баба кәсібін жаңғыртып жүрген оның бұл кәсібіне балалары да қызығушылықпен қарайды. Ересектері әкесіне қолқабыс етіп, әрі үйреніп те жүр. Енді олар да әке жолын жалғап, алдағы уақытта отбасылық бизнесті дамытуды көздеп отыр. Наны бар кәсіп ешуақытта да жоғалмайды. Ауыл аймақтың қажетіне жарап отырған ұстаның кәсібіне ризашылықтарын білдіретіндердің қатары қалың.