Кәсіпкерлердің басым бөлігі нәзікжандылар Әлемді әлдилейтін әйелдер отбасының ғана емес, қоғамның да жүгін арқалап жүр бүгінде. Кәсіпкерліктің тұтқасын да ұстап, экономиканың өрлеуіне де өзіндік үлестерін қосуда. Соңғы әлетте Түркістан облысында нәзік жандылар тұтқасын ұстаған бизнестің саны артты. Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 32 пайызында әйел адамдары басшылық жасауда. Яғни, Түркістан өңірінде жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер – әйел. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында мәлімделді. Басқосуда ауыл әйелдерін кәсіпкерлік қызметке тарту туралы кеңінен айтылды. Бүгінде өңірдегі жалпы шағын және орта кәсіпкерліктің саны 155 мыңнан асқан. Осы үлестің ішінде ханымдардың да қарасы қалың. Жауапкершілігі жоғары, кез-келген істі үйіріп әкететін нәзікжандылар бүгінде кәсіпкерліктің де көрігін қыздырып отыр. Әйелдерге тән кондитерлік, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сынды салаларда бағын сынап жүргендерден бөлек күрделі кәсіпті нәсіп еткендері де баршылық. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында еліміздегі алғашқы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» былтыр Түркістан қаласында құрылды. Орталықтың басты мақсаты – кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау, қолдау көрсету болатын. Орталыққа келушілердің қатары күннен күнге артып келеді. Ал ашылған кезде орталыққа 500-ден астам кәсіпкер әйелдер, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер, бастаушы стартаперлер кеңес алу үшін жүгінген. Бұдан басқа, кәсіпкерлікке, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мекемесі қызмет етеді. Барлық аудан және қала орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалдары бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларда да әйел кәсіпкерлерге басымдық беріледі. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасын да әйел кәсіпкерлер белсенді қолдануда. Бағдарлама арқылы өткен жылы кәсіпкерлерге 25 млрд. теңгеге 6 пайызбен 1371 жеңілдетілген несие берілген болса, қолдау алған жобалардың тең жартысы – нәзік жандылар. Осы жылдың 6 айында 9,6 миллиард теңгеге 274 жоба қолдау тапқан. Оның ішінде жартысына жуығы яғни, 48 пайызы әйел кәсіпкерлердің үлесінде. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша жергілікті деңгейде бірқатар жобалар іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ірі кәсіпкерлердің көмегімен микробизнесті, стартаптарды қолдау мақсатында өңірде өткен жылы «Кәсіпкерлік Қырандары» жобасы бастау алған болатын. Жобаның арқасында 16 стартап жобаға менторлар қолдау көрсетті, оның ішінде алтауы іскер әйелдердің жобалары. Яғни, қай жоба болса да әйелдер тарапынан белсенділік жоғары. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» түлектерін қаржыландыру мақсатында «Атамекен – Түркістан» микроқаржы ұйымы құрылған болатын. «Бастау Бизнес» түлектері бүгінгі таңға 1,8 миллиард теңгеге несиеленді. Бизнесін жаңадан бастағандар да бүгінде істерін ілгерілетіп, көшке ілесіп кетті. Тіпті табысын ұлғайтып, жұмысшы орындарды көбейтіп жатқандары да бар. Облыс орталығында «Керуен Сарай» және «Эко Базар» саудагерлеріне арналған 6 пайызбен несиелеуді көздейтін «Yassy Business» бағдарламасы іске қосылған. Қазіргі таңда «Ырыс» микроқаржы ұйымымен 140 млн. теңгеге 10 жобаны несиелеу туралы оң шешім қабылданды, оның ішінде 4 кәсіпкер әйелдің жобасы қолдау тапты. Жалпы, Басқарма тарапынан әйелдерді кәсіпкерлікке тарту мақсатында биыл Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Төлеби, Отырар, Шардара, Ордабасы аудандарында және Түркістан қаласында кәсіпкерлермен кездесу-семинарлар өткізілді. Семинарға қатысушылар көп болды. Ісін бастауға ниеттілердің көптігін осыдан ақ байқауға болатындай. Семинар кездесулердің негізгі мақсаты — кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бағдарламаларын түсіндіру және кәсіпкерлерден кері байланыс орнату. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды тереңірек қаузап, барынша түсіндірілді. Кәсіп бастауға ниеттілердің кейбірі қолдауларды қалай алу жолдарын білмейтіндерін жеткізді. Осындай нәтижелі атқарылған жұмыстардың арқасында алдағы уақытта кәсіпкерлер қатары көбейе түспек.