Кондитерлікті кәсіп еткен Бүгінде ең сұранысты өнім дегенде ең алдымен кондитерлік өнімдер ауызға ілігеді. Өйткені күнделікті балалардың сүйіп жейтіні де, туған күн, қандай да бір мереке болсын арнайы жайылған дастарқан сәнін түрлі көлемдегі торттар мен дәмді бәліштер, қатпарлы самсалар келтіріп тұратыны анық. Бүгінде той көп. Соған орай жайылатын дастарханның сәнін кіргізетін де осы өнімдер. Бұдан бөлек, көптеген мейрамхана мен дәмханалар дәл осы кондитерлердің көмегіне жүгінеді. Облыс орталығындағы желілік жүйелердің өзі қаланы толық қамтуға қауқарлы болмай жатады кейде. Ал шалғай шеттегі ауыл аймақтарды қамтитын өз кондитерлері бар. Бұл сала шағын ғана Иә, кәсіп түрі болғанымен, табысы мол, үйде пісірілген тәтті тағамдар сұранысқа ие. Тәтті етіп жасалған торттың бір дәмін татқан адам қайтып айналып келе берері сөзсіз. Үйінде әр қонақ күткен сайын сенімді кондитерге сенім артатыны тағы бар. Ауданда да сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, түрлі тәттілерімен көпшілік ризашылығына бөленіп отырған сала мамандары да жетерлік. Соның ішінде тәтті тағамдарды пісіруге қызығып, оны кәсіпке айналдыра білгендер де бар. Солардың бірі — Тоғжан Асқарбекқызы. Түркістан облысына қарасты Созақ ауылының тұрғыны «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша грант жеңіп алған еді. Бүгінде ол «Togzhan cakes» кондитерлік өнімдер шығаратын орталық ашып, ісін ілгерілетіп отыр. Дәмі тіл үйіретін, сүйсініп жейтін тәттілеріне тапсырыс берушілер өте көп. Бармағынан бал тамған кондитердің өнімдеріне ауыл тұрғындарынан, көршілес елді мекендер мен шалғай ауылдардан сұраныс көп. Бүгінде кәсіпті дөңгелетуге әлеуметтік желілердің көмегі көп болып тұр ғой. Заман ағымына ілескен кәсіпкер де арнайы парақшасын ашып қойған. Әсем өрнектелген торттарын, дәмді тәттілерінің бәрін әлеуметтік желі арқылы жарнамалап отырады. Тапсырысты да осы арқылы қабылдайды. Сапалы, өте дәмді етіп дайындалған өнімдерін расында сатып алушылар көп. Кей күндері тіпті тапсырысты орындап үлгере алмай жатады. Кәсібінен нәсіп тауып отырған кәсіпкер «Әрбір тұтынушы тәтті бәліштің, ыстық тоқаштар мен мерекелік торттардың дәмді екенін білдіріп, алғыстарын айтқанда қуанып қаламын. Атам қазақ «алтын алма, алғыс ал» деген ғой. Мен үшін алғыстан асқан байлық жоқ», — дейді ризашылықпен. Бүгінде кондитерлік өнер қыз-келіншектер арасындағы ең ауқымды, бәсекеге толы бизнес екендігі белгілі. Сондықтан да өзгенікінен өзіңдікі өтімді болуы үшін әр тапсырысты шынайы ықыласпен өте дәмді етіп жасау қажет. Сонда да ғана бәсекелестерден бәсің жоғары болмақ. Бүгінде байқап жүргеніміздей тойда да, мерекелік дастархандарда да көпшілік тек қолдан пісірілген, табиғи өнімдерді ғана аса талғампаздықпен таңдап жейді. Өнімің өтімді болуы үшін барынша сапалы, дәмді етіп жасауға барымды саламын» дейді кәсіпкер. Сұраныстың артып отырғаны да сол сапаны бірінші орынға қойғандықтан болар. Алдағы уақытта кәсіби біліктілігін дамытып, оқу да ойында жоқ емес. Цехын кеңейту де жоспарында бар. Бүгінде елімізде кәсіптің қай түріне болмасын қолдау бар. Өз кәсібін ашам деген жандарға мемлекет тарапынан қай кезде болмасын көмек те болады. Тәтті бизнесті тәуекел етіп бастап, көркейтіп отырған кәсіпкер мемлекеттік қолдауларға алығысын айтып отыр. Отбасы шетінен шебер деуге болады. Тоғжанның жолдасы Малохиддин Абламидов та өткен жылы грант ұтып алған. Сол уақыттан бері ағаш өңдеумен шұғылданады. Бүгінде оның ағаштан жасаған бұйымдарына да сұраныс көп. Абламид өз шеберханасында ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Екі шебердің отбасы осылайша кәіспкерліктің көрігін қыздырып отыр.