Бөлме гүлдерімен бизнес жасап отыр «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды». Бұрынғының тәмсілі болса да бүгінгі күнге дөп келіп тұрғандай. Жалқауланып жататын заман емес. Кәсіп бастап, тірлігін түзеген адамға ғана жөргем ілінеді. «Ақшам жоқ» деп мың сан сылтауы бітпейтін адамға да айтар уәж бар. Қаржың жоқ па, мемлекеттік қолдауға иек арт та кәсіп баста. Нарықта сұранысы бар сапалы өнім өндірсең жерде қалмасы анық. Ал өзгенің көмегіне мұқтаж боп отыруды жаны қаламайтын жандар, ешкімде жоқ идеяларымен тыңнан түрен салып, кәсібінің түтінін түзу ұшырып отыр. Ондай іскер жандар аз емес арамызда. Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданындағы Қазыбек би ауылдық округі, Қазыбек би ауылының тұрғындары ағаынды Жамшид, Рашид Нартаевтар. Алақандай жерден аз болса да табыс тауып алғашқы кәсіптерін бастаған еді. Жалғасы жаман болған жоқ. Табысты табыс шақырып, бүгінде еккен өнімдері сұранысқа ие болып отыр. Өзбекстаннан осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған кәсіпкерлер есік алдындағы 3 ақ соттық жерді кәдеге асыруды ойлайды. Ақылдасып ақыры үйіргелік жылыжай салып бастаған. Әсемдіктің символы гүл өсіру кәсібін қолға алған болатын. Гүл өсіру мен гүл сату ісін өркендетіп, табыстарын арттыра берді. Тиыннан теңге құрап алақандай жерді 15 сотыққа жеткізді. Ықылас ретінде ұсынуға лайық әсем гүлдерден бөлек, бүгінде құмыраға отырғызылған гүлдерді де сый ретінде ұсыну сәнге айналып келеді. Жерден өнім өндіріп, жер ананың сыйын табысқа айналдырған қарапайым ауыл тұрғындарының жылыжайында құмыраға отырғызылған гүлдің 20-дан астам түрі өсірілуде бүгінде. Бабын тапсаң бақшадағы гүлден бетер жайнайтын құмыраға отырғызылған гүлдердің сан алуан түрінің әрқайсысын бабы әртүрлі. Қарасаң көздің жауын алатын гүлдер негізінен Жетісай, Мақтаарал аудандарымен қатар Шымкент қаласының базарларында саудалануда. Бағасы да аса қымбат емес. Қалтаға қонымды. Қымбатсынбай алуға тұрарлық-ақ. Ауылда бір кәсіпкер кәсібін ашса оған ең алдымен жергілікті тұрғындар қуанатыны белгілі. Тұрақты жұмыс, тұрақты жалақы жақын жерден жақсы емес пе? Бүгінгі таңда ағайынды кәсіпкерлер 10-ға тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс тапқанына олар қуанулы, жұмысын істеп, пайда тауып отырғанына кәсіпкер де риза. «Көктемнің әр күні жылға азық» екенін есте мықтап ұстайтын кәсіпкерлер осы кезеңде жақсы пайда түсетінін де біледі. Мәселен, бір маусымда 6 миллион теңге таза табыс тауып отыр. Бұл дегеніңіз кәсіпкер үшін аз ақша емес. Алдағы уақытта таза табыс көлемін бұдан да арттыруды көздеп отыр. Бұдан кейінгі маусымдағы табыстары да жаман емес. «Жылыжайымыз көмірмен жылытылады. Гүл деген нәзік келгендіктен, аса көп күтімді қажет етеді. Жылыжай ішіндегі ауа температурасына баса мән беру қажет. Өйткені сәл ғана температураның төмен түсуінен ала көктемгі еңбегің еш кетуі әбден мүмкін. Біздегі гүлдердің ерекшелігі сол – бәрі құмыраға отырғызылады. Яғни, бізде өсірілетін гүлдерді үй ішінде күтіп, баптауға болады. Сұраныс та жаман емес. Жыл он екі айда үш-төрт реттен өнім аламыз» дейді Рашид Нартаев. Бір ғана кәсіппен шектеліп қалуды қолай көрмейтін ағайынды Нартаевтар түрлі салаттар әзірлеуді де қолға алған. Қырыққабат, қияр, қызанақ егіп, оны ала жаздай баптап, күз келе тұздау ісімен айналысады. Суық түскен қыс мезігілінде тұздалған өнімге деген сұраныс күрт көбейіп кетеді. Маусымдық жұмыс болғанымен оның да өзіндік табысы бар. Әрі аз емес. Шыққан шығынды жауып, әжептеуір табыс түсіреді. Құмырадағы гүлдер кәсібі бір қарағанда өтімсіз әрі өнімсіз тірлік болып көрінуі әбден мүмкін. Алайда оның да алармандары көп. Бөлме гүлдеріне құмар жандар нешетүрлі сұрыптарына сұраныс түсіріп жатады. Бөлме ауасын тазартқанға, үйді әдемі етіп тұруға таптырмайтын нәзік деталь деуге де болады. Бөлме гүлдерінің арқасында тыңайтқыштарға, гүл өсіретін ыдыстарға сұраныс артады. Бір ғана кәсіп қаншама кәсіптің гүлденуіне жол ашады. Бір бірне жалғанған бизнес осылайша табыс әкеледі. Әдемілеп әдіптеліп, сыйға берілетін гүлдерден бөлек бөлме гүлдерінің де өтімділігі жоғары. Мектеп, балабақша, түрлі мекемелер осы бөлме гүлдеріне сұранысты арттырып отыр. Әрі өлмейтін бизнес деуге де болады. Әсемдікке, жылулыққа жаны құмар жандар көп кезде бұл бизнестің өшуі мүмкін емес. «Кәсібімізді алған бастағанда гүл өсіру ісіне күле қарап, мол табыс әкелетініне сенімсіздік білдіргендер аз болған жоқ. Бұл бизнесте көп тәжірибе керек. Сол үшін көп оқып, көп ізденуге тура келді. Әр гүлдің бабы әртүрлі. Қайсысын қалай баптауды әбден үйрену қажет. Жылдан жылға тәжірибе жинақтап, күтіп-баптау ісіне аса мән беріп, іздендік. Заман ағымына сай түрлі тыңайтқыштар пайда болуда. Оның қайсы қай гүлге қалай әсер етеді бәрін білу қажет. Көп жылғы тәжірибенің арқасында бүгінде Аллаға шүкір өзіміздің сүйікті кәсібіміз бар. Айлық табысымыз бір әулетті асырауға жетеді» дейді жетісайлық гүл өсірушілер. Елде жоқ ерекше кәсіпті нәсіп етіп отырған ағайынды кәсіпкерлер алдағы уақытта жылыжай көлемін тағы да арттыруды көздеп отыр. Бұл қосымша жұмыс көзін ашуға септесері сөзсіз. Істің көзін тапқан кәсіпкерлер үй іргесіндегі жылыжайды үшке бөліп қойған. Арнайы жасаған. Өйткені біріншісінде арнайы әкелінген тұқымнан көшет өсірсе, екіншісінде жерсіндіреді. Ол үшін де біраз уақыт кетеді. Баптаудың арқасында дүр етіп тез көтерілген көшеттерді бөліп, бөліп арнайы ыдысқа отырғызылып, сауда нүктелеріне жөнелтіліп отырады. Үшінші бөліктің атқаратын жұмысы осындай. Бөлме гүлдерімен бизнес жасап отырған бизнесмендердің алға қойған жоспарлары көп.