Зейнеткер — кәсіпкер… Кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға бүгінде мемлекет тарапынан қолдау көптеп көрсетілуде. Соның арқасында кәсібінің түтінін түзу ұшырып отырғандардың қатары көп. Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының тұрғыны Зәуре Аманбекова бүгінде осы көмекке көптеп алғысын айтып жүргендердің бірі. Маған кеш емес пе демей, зейнет жасына жақындағанда тәуекел етіп, 55 жасында кәсібін дөңгелетіп, 3 жылда толағай жетістіктерге жетіп, бүгінде бірнеше жерлесін жұмыспен қамтып отыр. Үш жыл… Біреулерге көп, біреулерге аз уақыт болып көрінуі мүмкін. Қалай бастаймын, кәсібім жүрмей қалса ше, банкрот боп қалмаймын ба деген сынды сауалдар Зәуре Аманбекованы да көп толғандырған. Ұзақ уақыт тәуекел ете алмай жүргені де бар. Ақыры белін бекем буып, мақсатына жетуге талпынды. Кейіпкеріміз биыл 58 жасқа толды. «Алпысқа жақындаған жасымда бала кезімнен мақсат еткен арманыма жетемін деп ойламаппын. Алайда әрекет жасап ізденсең мұратыңа жетеді екенсің. Кәсібімді үй шаруасында отырып, тәтті нан пісірумен бастадым. Өзім Алматыда тамақ өндірісінің технологы мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын оқып бітірген едім. Осы саланың қыр сырына жетікпін»,- дейді шолаққорғандық тұрғын. Әрине өз саласының жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандардың қолынан шыққан дүние сапалы болары сөзсіз. «Мен әу баста қандай кәсіп ашсам екен деп көп ойландым, азық түлік дүкенін ашып, оны ары қарай үлкейтіп, дамытсам деген мақсатым болды. Маған демеу б олған жандар көп. Анам да «армандаған мамандығыңды неге тастап кеттің, айналыспайсың ба» деген еді. Арнайы пешке түрлі тәтті нан пісірдім алғашқыда. Сатып алушылар қатары күннен күнге көбейе берді. Осылайша менің мақсатыма жетуіме ынталандырды», — дейді Түркістан обдысына қарасты Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылының тұрғыны. Кейіпкеріміз өз кәсібін дөңгелетемін деген азаматқа қазір барлық жағдай жасалған дейді. Ал өзі «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 1 миллион 225 мың теңге көлемінде грант жеңіп алған. Алғашында жеңімпаз болғаныма сене алмадым дейді. Соншалықта көп қаражат болмаса да алғашқы капиталға жетіп артылыпты. Оған қамыр илейтін жабдық, электр пешін, мұздатқыш және бөлішкелерге арналған қатырмалар сатып алған. Кәсіп бастағанда жалғыз адамға қиын әрине. Бүгінде Зәуре Аманбекованың кәсібін дамытуға отбасы болып ат салысқан. Жолдасынан бастап баласы, келіні де осы бизнесте жүр. «Отбасында жолдасым қолдау көрсетті, сөз жәрдемін де, қол жәрдемін де көрсетті, осы шағын цехты салып берді. Балам өнімдерді дүкендерге жеткізіп береді. Келінім екеуміз бөлішке пісіреміз. Кейде тапсырыс көбейіп кетіп, үлгермей жататын кезіміз де жоқ емес. Тағы бір көрші келіншекті жұмысқа алғанбыз, жаман емес табыс бар. Тер тамшылатып, еңбек етсең оның өтеуі әрине болады. Әрі пісірген наның дәмі тіл үйірерліктей дәмді болуы тиіс. Бір сатып алған тұтынушы келесі жолы да сенің өніміңді іздейді», — дейді кәсіпкер. Бүгінде терйскей өңірінде мұндай кәсіпті жанына серік еткен жандар көп. Бәсекелестерді басып озудың тәсілін біледі кейіпкеріміз. Сондықтан да оның өнімдері өтімді. «Ең бастысы бизнесте алғашқы қадамды жасау қиын. Бастадың ба ары қарай өзі дөңгелей береді. Қазір барлық облыстарда, аудандарда кәсіпкерлікті қолдау бөлімдері жұмыс істейді. Тек ынта болса болғаны. Арнайы курста курстарда оқып кәсіпті бастап кетуге мүмкіндік мол» дейді.