Жұмат Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры 1934-ші жылдың сәуір айында құрылған. Қазақтың кәсіби актерлерінің жоқтығы және ол кезгі облыс көлемінде бірде-бір көркемөнерпаздар үйірмелерінің болмауы театрдың еңсе көтеруіне барынша қиыншылықтар туғызған кезінде. Әйткенмен де, ауыл аралап, өздерін театр өнеріне арнағысы келетін қабілетті жастарды іздестіріп, өнерге баулу — театрдың басты міндеті болды. 1938-ші жылы Ленинград сахна өнерінің техникумын бітірген жиырма екі шәкірт театрға қабылданады. Техникум бітірген жас актерлердің келуі, оның кұрамында Ж.Серікбаева, Ғ.Хайруллина, Х.Бөкеева, Х.Шәженов, Ә.Ерғожинова сынды аса дарынды мамандардың болуы театр ұжымының профессионалдық деңгейін көтере түсті. 1938-39-шы жылдардағы маусым — театрдың алғашқы кезеңіндегі жүмыстарының ең табысты маусымы болып есептеледі. Қазақ драматургиясымен ғана нәрленіп келген театр репертуарына Нева өзені жағалауынан оқып келген жастар Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К. Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», А.Островскийдің «Кешіккен махаббат» секілді шетелдік және орыс классикалық шығармаларын кемеліне келтіре сахналаған еді. Оған көмек қолдарын созған атақты үстаз-режиссерлер В.В.Меркурьев пен И.В.Мейерхольд еді. Театр — тірі ағза. Ол өзінің ырғақты шығармашылық өмірін тоқтатпауға барын салды. Театр басшылығы майданға аттанған талантты актерлердің орнына көркемөнерпаздар үйірмелерінен келген талапты жастарды үдайы тәрбиелеп, үжым қатарына қосып отырды. Оңтүстік өлкесінің сахнасында әр жылдары ірі-ірі спектакльдер қойылып, кесек-кесек көркем бейнелер өмірге келді. Ұжымның ілгерілуіне мол үлес қосқан Г. Дүйсеков, Р.Бэйкенов, Ә.Шанин, М.Шанина, Ә.Мұхамедьяров, Ж.Түрсынов, Р. Досжанова, А. Абдуллина, Ж. Серікбаева, С. Ерғалиев, М. Өтебаев, Қ. Шанин, С.Досмағамбетов, М.Найманбаев, Х.Сазантаева, Е.Садақбаева, О.Жүмабеков, А.Ысрайылов сынды тағы басқа да актерлер легін атап кету парыз. Күні бүгінге дейін сахна сайысынан шет қалмай, өнер додасында жарыса келе жатқан, М.Әлиясқаров, С.Өтемісов, А.Жүмабекова, Қ.Рахманбердиева, Р.Салова, М.Шәкіров секілді талантты орындаушылар тобы алдыңғы аға, ата артистердің жақсы дәстүрлерін сәтімен жалғастыруда. Өсу-өрлеу жолындағы жайқалған жастар тобы тағы бар. Театр өзінің сексен жылдық баянды жүмыстарында көрермен талабын үнемі ескерумен келеді. Қазақстанның бар өлкелерін гастрольдік сапарлармен түгел аралаған аталмыш театр ұжымы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Қарақалпақстан жерлерін ерсілі-қарсылы сан рет шарлап өтті десе де болғандай. Қалалар мен ауыл еңбекшілеріне сан жанрлы көркем спектакльдер көрсетіп, миллиондаған көрермендер талабын риясыз қанағаттандырды. Қойылымдар өз алдына, қаншама концерттер берілді десеңізші. Бұл ретте, қазақ театрының дамуына қомақты үлес қосқан Г.Зорин, Ю.Рутковский, М.Насонов, В.Дьяков сынды орыс режиссерлерінің де есімдерін қүрметпен атай кеткен жөн. Сондай-ақ, сахна декорациясын қүлпырта бояған сан қылқалам шеберлерінің де еңбектері ұмыт қалмақ емес. Театр тағдырында көптеген ұйымдастырушы директорлар еңбегінің де өшпес ізі қалды. Театр репертуарынан берік орын алған кезеңдік қойылымдар өнер тарихынан өзіндік бедел еншілегенін жақсы білеміз. «Ақан сері-Ақтоқты», «Шоқан Уәлиханов», «Исатай Махамбет», «Абай», «Ревизор», «Америка даусы», «Еңлік-Кебек», «Зұлымдық пен махаббат», «Ұлан асу», «Марғау», «Шие бағы», «Құхтар фестивалі», «Мүңлық-Зарлық» іспетті тағы да басқа біраз спектакльдердің өз кезеңінде көрермендер тарапынан әр түрлі қызығушылықтар туғызғаны белгілі. Театр соңғы он жылдықтар бедерінде Ыстамбұл шәһарын-да өткен түркі тілдес халықтардың фестиваліне, Тәшкен, Әндіжан қалаларында өткен Азия елдері театрларының фестиваліне сондай-ақ, Петропавловск, Оралда Ғ. Мүсіреповтің, М.Өтемісовтің мерейтойларына орай өткізілген республикалық өнер сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Көрермен көңілінен шыққан театр бүгінде репертуарын байытуда. Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет саласына жасалып жатқан бар жағдайдың бір ұштығын осы театрдан да көруге болады.
Связанные истории
13.09.2024
274661