Бүгінде кішкентай балалардың ұялы телефон мен компьютердің «құлағында ойнайтыны» шындық. Ғаламторда жақсы да бар, жаман да бар. Санасы толықпаған балаларды көбіне осы ғаламтор «тәрбиелеп» жатқанын да жасыра алмаймыз. Үнемі ұялы телефонға үңіліп, айналасынан қол үзіп қалған балаларды қалай қатарға қосамыз деп басы қатқан ата-аналар баршылық. Осындай әлеуметтік мәселенің шешу жолын балалардың өздері көрсетті. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық театр сахнасында мәдениет саласына еңбек сіңірген әртістер емес, кішкентай балалар өнер көрсетті. Көрермендерге ұсынған туындылары «Қуат» деп аталады. Комедиялық драма жанрындағы қойылым көрерменге ой саларлық дүние. Онда этика мектебі мен балалар студиясының 30-дан астам бүлдіршіні түрлі рөлдерді сомдайды. Көтеріп отырғандары ұсақ мәселе емес, бүгінде талайларды ойландырып жүрген кішкене ғана құрылғыдан балаларды қалай құтқарып қаламыз деген мәселе яғни, өзекті мәселе көтерілген. Бір сағатқа созылатын спектакльде Қуат есімді оқушы құйтақандай құрылғыға үңіліп, айналасындағылардың барлығын ұмытады. Мұндай сыйлықты әкесі тарту етіп, ақыр аяғында өз ісіне өзі өкінеді. Виртуалды әлемге еніп кеткен ол бұ дүниеден қол үзгендей болады, сабақ оқуды қояды, достары бар екенін мүлде ұмытады. Қойылым соңында достарды Қуатты ақылға шақырып, тура жолға салады. Бұл бүгінгі күні кез-келген ата-ананы ойландырып жүрген мәселе десек артық айтқандық болмас. Сондықтан да бұл қойылымда барлығы көрсе дұрыс болмақ. Қойылымның авторы — Бахытжан Көшеров, режиссері — Досжан Құлмұрат.
Динар Бекасыл