Бүгін Әйелдер мерекесі қарсаңында Шымкент қалалық Опера және балет театрында «Домалақ ана» операсы сахналанды. Мерекелік қойылымға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтады. ⚜️ «Төл тарихымызға көз жүгіртсек, ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз атқа қонып, ұлт тағдырына араласты. Қазақстан әйелдері бүгін де өздерінің пайым-парасатымен, білім-біліктілігімен еліміздің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Олардың сапында қаламыздың белсенді азаматшалары, яғни өздеріңіз де елдің өркендеуіне аянбай атсалысып келесіздер. ????Сіздердің ұлттық, мәдени құндылықтарды жаңғыртудағы, ел бірлігін арттырудағы батыл бастамаларыңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!» — деді қала әкімі. ⚜️Қазақ тарихында аты аңызға айналған абыз ана туралы қойылымды тамашалаған қалың көрерменнің әсері айрықша. Олардың арасында қаламыздың зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен Батыр аналар бар. Операның композиторы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық байқаулардың лауреаты Тасқын Жармұқамет. Идея авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ????Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы. Шымкентте «Домалақ ана» операсы бренд болып қалыптасып, бүгінге дейін 39 рет қойылды. Тағлымды туынды Астана, Қарағанды қалаларында көрсетіліп, көрерменнің қошеметіне ие болды.