Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай бүгін отбасымен бірге дауыс берді. Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылындағы №782 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. Саяси науқанды жақсы ырымға балап әулетімен бірге тал екті. «Бұл жолғы саяси дода күн мен түн теңелетін, тіршілік атаулы оянатын, жаңаратын Ұлыстың ұлы күні қарсаңымен, нағыз көшет егетін науқан кезімен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысы басты бағдаршам ретінде ұсынған ӘДІЛЕТТІЛІК қағидасынан айнымасақ, әлеуметтің ахуалы түзелуге, даму мен өркендеуге бет бұрған кезеңде ғұмыр сүретініміз, айымыз оңынан туатыны, асығымыз алшы тұратыны анық. Осы жолғы саяси дода нәтижесі өміріміздің өлшемі саналатын ұл-қызымыздың, ұрпағымыздың ертеңгі жарқын болашағына жасалған қадам деп қабылдайық. Лайым, сеніміміз алдамасын. Ендеше, сайлау аяқталуға жақындап келе жатқандықтан елден қалмай дауыс беруге үлгеріңіз», — деп жазды Ғалымжан Елшібай әлеуметтік желідегі парақшасында.