Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тұрғындармен кездесуі барысында берілген тапсырмалар жүйелі орындалып келеді. Бүгінгі таңда шаһар басшысының тапсырмасы бойынша бірқатар мәселе шешімін тапты. Атап айтсақ: Балақаев көшесі №49/3 тұрғын үйдің ауыз су жүйелері Түркістан су МКК тарапынан қалпына келтірілді; Баянауыл аумағына ойын алаңшасын салу үшін бюджеттен қаржы қаралды. Құрылысы ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанында жүзеге асады; «Нұр Стадион» футбол алаңының түнгі жарықшамдары іске қосылды; Бәйтерекұлы көшесін абаттандыру ісі қолға алынды, қазіргі таңда жерді тегістеу басталды; Тұрғындардың ұсынысымен «Бекзат» секторындағы көпқабатты үйлер ауласына ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы, автотұрақтар жасақталады, түнгі жарықшамдар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері ауыстырылып, жаңадан орнатылады. Жұмысты аяқтау мерзімі – сәуір айының соңына дейін; Кентау тас жолы бойына сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, көше бойы қоқыстардан толық тазартылды; Тұран мөлтек ауданында орналасқан тұрғын үйлерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін электр желілерін қайта жаңғырту жобасы қолға алынды. Жоба барысында электр желілері мен трансформаторлар жаңартылады. Жұмысты аяқтау мерзімі — мамыр айына дейін; Көктонды әулие көшесі бойында 24-мектеп аумағына спорт алаңы мен ойын алаңының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың ІV тоқсанына дейін жүргізіледі; Бәйшешек көшесінің жалғасына және Ақниет көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жобасы қолға алынды. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды; 2022-2023 жылдар аралығында жалпы қала аумағындағы 277,2 шақырымды құрайтын 272 көшені жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланған. Жоспарға сәйкес, 2022 жылдың ІV тоқсанында Сауран тұрғын алқабына қарасты 23,3 шақырымды құрайтын 21 көшеге жарықтандыру жүйесінің құрылысы басталды. Жобаға Шауғар тұрғын алабында орналасқан 104 көше де енгізілген. Жоспарға сәйкес, бұл аумақта 48 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта, Бәйшешек, Мәдени Мұра, Баянауыл көшелерінде жарықтандыру жүйесі толық іске қосылды. Қалған көшелерде құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қуат көзіне қосылады; Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы Түркістан қаласына сыйымдылығы жоғары 86 автобус алынып, 10 бағыт жаңартылды. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы Түркістан қаласындағы №5, 5а, 8, 9, 9а бағыттарындағы қоғамдық көліктерді сыйымдылығы жоғары автобустарға ауыстыру көзделіп отыр.