Бүгін Түркістан облысының сегізінші шақырылымдағы мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, қатысты. Жиында облыстық мәслихат депутаттарына депутаттық куәліктері салтанатты түрде тапсырылды. Облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы болып Нұралы Абишев сайланды. Сонымен бірге Түркістан облыстық мәслихатының тұрақты комиссиялары құрылып, мүшелері мен төрағалары сайланып, тұрақты негізде жұмыс істейтін төрағалары да анықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын мәлімдеп, өңірдің дамуы жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. – Барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше сегізінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашты. Мемлекет басшысы Үкімет пен депутаттарға дамудың нақты 8 бағытын айқындап берді. Осы бағытттар бойынша жұмыс істейміз. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Осы уақыт аралығында облысты дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Өнеркәсіп саласында облыс бойынша өнім өндіру көлемі былтыр 866 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Инвестиция көлемі өткен жылы 739 млрд. теңге құрап, 8,6%-ға өсті. Биыл өңірге 907 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Өңірдің әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет. Кіріс көздерін ұлғайтып, өндіріс орындарын ашу үшін аудан, қала әкімдері, басқармалар, депутаттармен бірлесіп өңдеу өнеркәсібін, тау-кен өндірісін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар атқару – уақыт талабы. Осы ортақ, абыройлы жұмысты іске асыруға сіздер біркісідей ат салысады деп сенемін. Бұл ретте, депутаттарға тұрақты түрде сайлаушылармен кездесулер өткізу керек. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, соны жергілікті билікпен бірлесіп шешу – басты мақсат. Сіздерді тұрғындардың өзекті мәселелерін шешіп, ел игілігі үшін бірлесе қызмет етуге шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Әділетті Қазақстанды құру бағытында жаңа сайлау жүйесін ұсынған болатын. Осы бастама іске асып, облыстық маслихатқа бір мандатты округ бойынша – 23 депутат, партиялық тізім бойынша – 23 депутат сайланды. Жаңадан сайланған депутаттық корпустың 12 мүшесі – ауыл шаруашылығы саласының, 11-і – бизнес саласының, 8-і – құрылыс саласының өкілдері болса, 5 мүшесі құқық қорғау органдарында қызмет атқарған, білім мен қоғамдық-саяси салаларынан 10 өкіл бар.