Түркістан облысында ауыл шаруашылығы үшін аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шараларын ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өтті. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы және сала мамандары қатысты. 2023 жылы облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің өкімімен штаб құрылған болатын. Осыған сәйкес, барлық аудандар мен қалаларда тиісті штабтар дайындық жұмыстарын жүргізуде. Биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, фитосанитариялық іс-шаралар 10 ауданның 53 ауыл округінде жүргізіледі. Биыл Марокко шегірткесіне қарсы облыс бойынша барлығы 67,3 мың гектар алқапта, оның ішінде, 59,1 мың гектарда бүріккіш техникаларымен және 8,24 мың гектарда әуемен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен 59050 гектар алқаптағы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге және Сарыағаш ауданындағы Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауыл округтерінде 8 240 гектарда 1 дана АН-2 ұшағының көмегімен химиялық күрес шараларын жүргізуге мердігер мекеме «Авиакомпания «Дельта-Юг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тиісті келісімшарттар түзілді. Сарыағаш ауданы бойынша 15 380 гектарда 7 дана, Арыс қаласында 12 420 гектарда 6 дана және Бәйдібек, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сауран, Төлеби, Шардара аудандары бойынша 31 250 гектарда 14 дана жер үсті желдеткіш бүріккіш техникасы жұмыс жүргізеді. Химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарлануда. Ал азиялық шегірткесіне қарсы Созақ ауданында 11 500 гектар аумақта химиялық күрес шаралары болжамдалған. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша әуемен химиялық өңдеу жұмыстары «SAMGAU AGRO» ЖШС-нің АН-2 ұшағымен жүргізіледі. Аталған фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында инспекция тарапынан 40 мемлекеттік инспектор мен 19 қызметтік автокөлік жұмылдырылады.