Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі түрлі құқық нормаларын, Конституциялық сот институты мен құқық қорғау мәселелерін үнемі жетілдіріп отыру керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ, халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында Президент ауылдарды ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің маңыздылығына тікелей назар аударып, осы жайылым мен ауыл шаруашылығын ретке келтіруді тапсырды. Президент өз сөзінде: «Жайылымдар ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек» деген еді. Президенттің осы бағыттағы тапсырмасының Түркістан облысында орындалу барысы қатаң бақылауда. Бүгінде облыста жайылымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Былтыр Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген. Осылайша, 1 млн. гектардан астам жайылым тапшылығы шешімін тапқан. Осы ретте, Түркістан облысында «Қолжетімді жайылым» жобасы қолға алынды. Бұл жоба облыстық прокуратураның бастамасымен қолға алынып, облыс әкімдігімен бірлесе іске асыруға шешім қабылданған. Бес бағыттан тұратын жоба аясында әкімдер мал басының есебін статистика органдарына тапсыру міндетінен босатылады. Ветеринар мал басын есепке алып, түгелдеп, «жануарларды бірегейлендіру» базасына (ИСЖ) енгізуін ескере отырып, ветеринария қызметінің «жануарларды бірегейлендіру» және статистиканың «Е стат» базалары интеграцияланады. Бұл жағдай, өз кезегінде мал басы есебінің шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мал иелерінің малға байланысты қажетті мәліметтерді алуы электрондық жүйеге ауыстырылады. Яғни, мал сататын тұлғаларға ветеринар анықтамасын демалыс және мереке күндері электрондық түрде алу мүмкіндігіне ие болады. Одан бөлек, жоба бойынша бақташылар немесе малшылар статусы нормативтік тұрғыда реттеледі. Мал базарларының ветеринарлық қызметтеріне сатылған малдың есебін жүргізуге жағдай жасалады. Сәйкесінше, олар ветеринария қызметінің базаларына кіріп жұмыс істей алады. Яғни, мал базардан шыққан тұяқтың қозғалысын көрсетіп, статистиканың шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, жеке сектордағы ортақ жайылымға сыймайтын нормативтік талаптардан тыс мал басын шалғайдағы жайылымдарға айдау қамтамасыз етіледі. Ол үшін, шалғайдағы жайылымдардың орналасқан орындары мен олардың көлемдері бекітіліп, әкімдіктердің балансында қалдырылады. Жобада көрсетілген ұсыныстар пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін космомониторинг құрылғылары арқылы анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен бірге аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебінің экспликациясында тіркелген жер пайдаланушыларда мал басы тіркелгені туралы ИСЖ базасымен салыстыру жүргізілді. Нәтижесінде, 4386 жер пайдаланушының 673 462,2 га жеріне мал басы тіркелмегені анықталып отыр. Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды. Жыл қорытындысымен 333,2 мың га жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың га кемиді. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында. Жалпы, Президент реформасы аясында жоғарыда айтқан проблемалар оң шешіліп келеді. Өзекті мәселелер өмірден сырт қалса, еңбек те өнімді болатыны анық. Ахпан Алшынбаев, Келес ауданындағы «Емен» шаруақожалығының төрағасы