Түркістан облысының жастары мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін толық пайдаланып жатқан жоқ. Оның басты себебі – ақпараттық-насихат жұмыстарының өз деңгейінде атқарылмауында болып отыр. Әсіресе ауыл жастарын кәсіпкерлікке баулу, қарапайым әрі нақты мәліметтерді жеткізу жұмысын жандандыру қажет. Бұл пікірді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев облыстық, аудандық және қалалық «Жастар ресурстық орталығы» директорларының қатысуымен өткен жиында айтты. Сондай-ақ ол «Серпін», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Жас кәсіпкер», «Бизнес бастау», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары, жаңа бизнес-идеялар үшін гранттар беру, жеңілдетілген шағын несие үлестіру, колледждерге бөлінген гранттардың игерілмеуі бойынша мәселелерді қозғап, жастардың қызығушылығын арттыруда орталықтардағы жауапты мамандар белсенділік танытуы керек екенін жеткізді. – «Жастар ресурстық орталықтарының» атқаратын міндеті – ағымдағы іс-шараларды өткізумен шектелмейді. Мемлекеттің жастардың дамуы үшін іске қосып жатқан әрбір бағдарламасын өңірдің әр жас азаматына түсіндіру, талаптары мен ережелерін ұғындыру басты қағидасы болуы тиіс. Сол арқылы оларды бизнес пен еңбекке тарту, жетістікке жетелеу, жаңа идеяларды ұсынуға ынтасын ояту керек. Бұл істе алдымен өздеріңіз бағдарламалармен танысыңыздар. Одан кейін аудан, қаладағы жастарға мақсат қойып, алға ұмтылуына көмек көрсетесіздер. Түркістан өңірі грант немесе қаржы бөлу тұрғысынан республикада алдыңғы қатарда болғанымен, жобаларға қатысушы жастар толық қамтылмай отыр. Облыстағы колледжерге былтыр 11 мыңнан астам грант бөлініп, толық игерілмей, 6 мыңы қайтарылды. Биыл жобамен 15 мыңдай грант қарастырылып отыр. Жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға өседі. Бұл – бір ғана мысал. Биыл 2,5 пайыз жеңілдікпен 2,9 млрд. теңге түркістандық жастарға таратылады. Оны шамамен 600-дей жас алуы қажет болса бүгінге дейін 89 жас кеңес алуға барып, оның 57-нің ғана құжаты комиссия қарауына өткен. Мүмкіндікті пайдаланыңыздар, жұмысты күшейтіңіздер, – деген Бейсен Дәулетұлы ашық есік күнін ұйымдастыру, ауылдарды аралап түсіндіру жүргізуді тапсырды. Кездесуде Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Жұмыспен қамту және еңбек нарығын талдау бөлімінің басшысы Динара Бегалықызы сөз сөйлеп, бағдарламалардың іске асырылуы бойынша әрбір аудан, қалаға жүргізілген талдаумен таныстырды. 2023 жылы «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 1150 адамды қамту жоспарланып, нақты 491 адам қатысуда. «Жастар практикасына» биыл 12 332 жас қамтылуы көзделсе, қазіргі таңда 1797 адам – жоба қатысушысы. Жеңілдетілген шағын несие беруді үйлестіру жұмыстары Жетісай, Мақтаарал, Келес, Созақ және Шардара аудандарында төмендеу. Ең жақсы көрсеткіш Қазығұрт ауданынан орындалып, 21 адамның өтінімі қаралуда. Ал қалған аудан, қалада жұмысты жетілдіру керек. Шағын гранттарға келсек, облыс көлемінде 255 адамға грант беріліп, оның 14,9 пайызы жастарды құраған. Басқарманың өкілі жергілікті орталықтармен жобаларды бірлесіп атқаруға шақырды. Түркістан облысы «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ филиалының директоры Фурхат Миркаримов жастардың несие бойынша білімін арттыру қажеттігін алға тартты. Облыстық «Атамекен» ҰКП директорының орынбасары Нұрбол Рысбеков орталықтардың қызметкерлеріне қаржылық сауаттылықты жетілдіру тұрғысынан тәжірибе бөлісуге дайын екенін білдіріп, талқылау жиыны түйінделді.