«Жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету.Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімі ауданымызға жасаған сапарында ауданды әрі қарай дамытуды тапсырды. Қазіргі кезде, аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар көлемі ауқымды», деп бастады баяндамасын аудан әкімі Төлеген Телғараев Кемеқалған ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде. Сондай-ақ, аудан басшысы бірінші тоқсанда өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Көтерілген 7 мәселе бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілу нәтижесінде 5 мәселе өз шешімін табуда, атап айтқанда: 1. Ақбастау ауылы, Қотырбұлақ көшесінің асфальт жолына «Жарық жол» МКК тарапынан 2023 жылдың наурыз айында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2. Тапсырысшы облыстық жолдар басқармасына ұсыныс беріліп, Жыланбұзған мен Абай ауылдарының арасындағы жол мердігер «Базис и К» ЖШС тарапынан реттелді. Бұл жол әлі қабылданбаған және кепілдік 3 жыл мерзімі ішінде тұрақты түрде жөнделіп отырады. 3. Ақбастау елді мекені Төртшал көшесіне түнгі жарық орнату «Шымкент цемент» мекемесі тарапынан демеушілік есебінен орнатылған. Қазіргі таңда «Жарық жол» МКК меншігіне қабылдау жұмыстары 2023 жылдың маусым айына дейін аяқталып, әрі қарай түнгі жарықты күтіп ұстау жұмыстары жүргізілетін болады. 4. Ақбастау елді мекеніне ауыз су алатын «Қотыр бұлақ» суы жаз мезгілінде тартылып кетеді. Бұл мәселені шешу үшін 2023 жылдың ақпан айында «Шымкентцемент» АҚ скважина қазылып, 100 метр аралықтан су шыққан. Алайда бір жыл суды бақылау жүргізу қажет болуда. Қорытындысымен скважинаның суы елді мекенге 2023 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады. 5. «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің Қазығұрт аудандық электр тарату бөлімінің теңгеріміндегі Қаратөбе елді мекенінің Сұңқар, Руханият, Ақбура көшелері инвест бағдарламасына сәйкес 2022 жылы жаңартылған. Төлеби ауданының ТҮКШ АЖ және ЖК бөлімі тапсырысшы болып облыстық бюджеттен қаржыландырылып Қазығұрт, Қаратөбе, Ынталы көшелеріне электр бағаналары орнатылды. Құрылыс жұмыстары аяқталып 2023 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады. 6. Қазіргі таңға «Қарақия» СТК-нен ауданның арнайы жер қорына қайтарылған 819,7 га жайылым жер телімі Қарақия елді мекеніне ортақ жайлымға бер туралы аудандық жер комиссиясыннан 06.10.2022 жылғы №17/33 оң қорытындысы алынды. Келесі кезекте аталған жер телімі бойынша жерге орналастыру жобасы әзірленіп, ортақ жайылым ретінде мемлекеттік акт алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Іс-шарадағы қалған 2 сұрақтың құрылыстары келесі жылдары пайдалануға берілетін болады 1. Қарақия елді мекенінің жолын орташа жөндеуден өткізу облыс тарапынан 2024 жылдың жоспарына енгізіліп отыр. 2. Ақбастау елді мекеніндегі 8,4 ш.қ Төртшал, Талдыбастау (Үңгіртас) көшесіне электр желілерін жүргізу үшін 103,8 млн.тг жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, салалық басқармаға қаржыландыруға ұсынылды, 2024 жылға қаржы қарастыру күтілуде. «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан мүлдем жарамсыз тұрған электр бағаналары ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы ауыстырылатын болады. Кездесуге қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын көтеру арқылы халықтың жайлы және қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету — мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін айтып, ел игілігі жолында жүзеге асатын жобалар жөнінде әңгімеледі. «Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасының, ұлттық жобалар мен елдің басқа да стратегиялық құжаттарынан туындайтын аспектілерді қамти отырып, халықтың үмітін ақтауға, олардың сенімін одан әрі нығайтуға, «Жаңа, әділетті Қазақстан» қоғамын қалыптастыруға күш-жігерімді, тәжірибемді жұмсаймыз», деді өз сөзінде мәслихат төрағасы. Жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатындағы кездесуден кейін аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.