Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданы ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы аймақ. Ауданда ауылшаруашылы өнімдерінің барлығы өсіріледі. Таулы аймақ болғандықтан қысы қытымыр болғанымен, ала көктемнен кетпеніне жармасатын шаруалардың арқасында мұнда өспейтін өнім жоқ. Мақсары дақылдарын бұрын ешкім екпейтін. Дихандар жанкештілігінің арқасында бүгінде мақсарыны жайқалтып өсіріп, одан май салып, қалғанын қалдықсыз өнім яғни малға жем жасап отыр. Былтыр ауданда өнеркәсіп өнім көлемі 41,5 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 23 млрд. теңгеге жетіп, 6,3 млрд. теңгеге артқан. Биыл 8 млрд. теңгеге 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде Зертас ауыл округінде «Аймар Құс» серіктестігі құс фабрикасының құрылысы басталады. Жоба құны – 4 млрд. теңге, 24 жаңа жұмыс орны ашылады. Көксәйек ауыл округінде «ADS Agro» серіктестігі мал бордақылау алаңын салу жоспарлауда. Жоба құны – 600 млн. теңге. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 61,7 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Төлеби ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасын пилоттық режимде Киелітас, Көксәйек ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы Ұйымшыл елді мекенінде 1 мектепке қосымша құрылыс және Мәдени, Қаратөбе елді мекендерінде 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 779 млн. теңге қаралды. Ленгір қаласында 200 орындық мектепті салу үшін жалпы қаржы бөлініп отыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында ауданда 4 мектеп салынады. Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 5 елді мекендегі (Керегетас, Бейнеткеш, Жаңажол, Нысанбек, Зертас) су құбырының желілерін салу үшін 1,6 млрд. теңге бөлінген, жұмыстар биыл аяқталады. Алшалы, Ұзынарық елді мекендерінде су құбырының желілерін салу жұмыстарын бастау үшін 703 млн. теңге бөлініп, жұмыс жүріп жатыр. Табиғаты әдемі, ауасы таза аймақта туризмді дамытуға толық мүмкіндік бар. Бүгінде дәл осы бағытта қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді. Саумалмен емдейтін орталықтар саны артуда. Бұл дегеніңіз ауданның да, облыс бюджетіне де түсетін түсім молаяды деген сөз. Сан салада көңіл тоғайтатын көрсеткіштер жетерлік. Сонымен қатар, тұрғындарға да қолайлы жағдай жасау да назардан тыс қалмаған. Тұрғындардың өтініштері бойынша жүзеге асқан жобалардың қатарында Аққұм, Киелітас ауылдық окургтерінде мәдениет үйлерін салу үшін екі жылда 441 млн. теңге бөлініп, жұмыстар қолға алынды. Қасқасу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен 723 млн. теңге қарастырылған, биыл тапсырылмақ. Тағайна елді мекенінің көшелеріне электр желілерін жүргізу жұмыстарына 198 млн. теңге бөлінсе, Зертас, Тағайна елді мекендерінде орналасқан мектептердің қосымша корпус ғимаратын салу үшін қаржысы толық қарастырылған. Бірінші мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау үшін бюджет есебінен 531 млн. теңге қаржы бөлінді. Биыл тапсырылады. Ала көктемнен бері маңдай терін тамшылатып еңбектеніп жатқан дихандар күзде мол өнім аламыз деп алақанын ысқылап отыр.