Жауапты науқан кезінде су нысандарының дайындығы бағамдалды Түркістан облысының негізгі бюджетінің ұстыны аул шаруашылығы саласы екені белгілі. Аталмыш саланы жандандыру бағытында түрлі жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің мол болуы ең алдымен ағын суға байланысты. Ағын су ағымын реттеу мәселесі облыста бірнеше мекеменің мойнында. Солардың бірі «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Тұран су» мекемесіне арнайы келіп, мекеме жұмысымен және алдағы егістік науқанына, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларымен жан-жақты танысқан болатын. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары Арман Жетпісбай мен Ермек Кенжеханұлы да қатысты. Сонымен бірге Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен «Қазсушар» РМК өкілдері қатысқан кездесу барысында аталмыш кәсіпорынның басшысы Досхан Асылбекұлы мекеменің негізгі міндеттері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Кәсіпорынның негізгі міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту шараларын жүзеге асыру. Сондықтан облыс басшысы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде су мөлшері деңгейінің көтерілуін қадағалау, су тасу қауіпінің алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы вегетациялық кезеңде өңір шаруаларын қажетті мөлшерде ағын су мен қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Жауапты науқан басталар тұста яғни көктемгі кезеңге су нысандарының дайындығын бағамдаған облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. «Тұран су» мекемесінің теңгерімінде стратегиялық маңызға ие ірі 12 су нысаны бар. Ал жалпы 5 су қойма, 3 су торабы, 3 магистралды каналы, 1 жасанды көл және 107 ішкі шаруааралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы, 79 арнайы техника мен 15 құрал-жабдық мекеме теңгерімінде тұр. Қазіргі таңда мекеме көктемгі егістік науқанына қызу дайындық үстінде. Биыл бірқатар канал тазаланады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын теңгеріміндегі шаруааралық каналдарға (жалпы ұзындығы 1120 км) механикалық тазалау жүргізілмек. Сонымен бірге иесіз, құжаты жоқ шаруааралық каналдарға (40) мемлекеттік акт жасап, кәсіпорын теңгеріміне қабылдау жұмыстары да жоспарланып отыр.