Жалпы құлпынай күй талғамайтын, яғни кез келген жерде өсе беретін және климатқа онша тәуелді емес өсімдік. құлпынай өсіру үшін тұқымы мен сұрпы сапалы болуы керек. Суару, тыңайтқышпен өңдеу, түрлі аурулардан қорғау технологиясын меңгеру қажет. 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар. Сондықтан да ол диеталық тағам түріне кіреді. Құлпынай дәмді жидек қана емес, тамаша десерт әрі емдік тағам болып саналады. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Құлпынай сонымен бірге тер шығаратын, несеп айдайтын қасиетке де ие. Сол үшін құлпынай өсіру ауыл шаруашылығындағы табысты кәсіптің біріне жатады. Бүгінде Түркістан облысында құлпынай өсірумен айналысатын шаруашылықтар көп. Агросаланың дамуына да септігін тигізіп отыр. Түркістан облысына қарасты Келес ауданының шарулары құлпынай егіп, мол пайдаға кенелуде. Бірлесу ауылдық округіндегі «Бекзат» шаруа қожалығы 1,8 гектар аумақтағы ашық алқапқа былтыр құлпынай көшетін қондырған. Биыл сәуір айында өнім алуды жоспарлап отыр. «Екі жылдан бері құлпынай егуен айналасып келеміз. Жеріміздің құнарлы, ағын суымыздың сапалы болуы осы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Құлпынай егуді Сарыағаш ауданындағы азаматтардың қолдауымен бастадық. Ондағы агромамандар 10 жылдан астам уақыттан бері осы құлпынай өсірудің қыр-сырын жетік меңгеріп келеді», – деді «Бекзат» шаруа қожалығының төрағасы Марат Оралов. Атап өтерлігі, былтыр қожалық 1 гектардан 25 тонна өнім алған. Құлпынайдың әр келісін 1700 теңгеден саудалап, 15 млн. теңге таза табыс тапқан. Қазіргі таңда өнімге сұраныс еліміздің ірі қалалалары және Түркістан облысы аумағындағы аудандардан келіп түсуде. Сұранысы мол әрі өтімі тез өнімді өсірушілер қатары жыл жылжыған сайын артып келеді.