Егістік алқаптары ұлғайтылуда Еңбегі епті, тірлігі тындырымды түркістандық дихандар бүгінде ерте көөктемдік өнімдерді егіп, өсіріп, жинап, сатуға дайындап та қойды. Ерте пісетін қырыққабат, асханалық асқабақ бүгінде сатылымға шығып та қойды. Өнімді ерте жинап алған дихандар енді екінші өнімді егіп бастады. Жалпы Түркістан облысында егіс алаңы жылдан жылға артып отыр. Бүгінде облыс бойынша егістік көлемі 860 мың гектарды құрады. Өңірде көктемгі дала жұмыстары белсенді жүргізілуде. Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, 318 мың гектарға жеткізілді. Бұл үлкен көрсеткіш. Алдағы жылдары бұдан да көп егістік көлемін арттыру жоспарда бар. Сондай-ақ мал азықтық дақылдары, көкөніс, картоп, бақша дақылдары артты. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында биыл ерте пісетін қырыққабат 7,5 мың гектарға, сәбіз 1,2 мың гектарға, пияз 1,9 мың гектарға, картоп 9 мың гектарға егіледі. Болжам бойынша сәуір-шілде айлары аралығында 459,3 мың тоннадан артық өнім жинау жоспарлануда. Дала жұмыстары бойынша барлық аудан жоспарды орындауға күш салуда. Жаздық дақылдарға арналған алқаптарды әзірлеу, сор шаю жұмыстарын жеделдету үшн жұмыс атқаруда. Шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі ұдайы бақылауда тұр. Дихандардың өнімі тез арада сатылуы жағы да қарастырылған. Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 6440 тонна ерте пісетін көкөніс өнімдерін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды. Бүгінгі күнге Жетісай, Мақтаарал аудандарында 100 гектарға қырыққабат егілді. Күздік астық көлемі – 189,3 мың гектар. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 48,2 мың теңге арзан бағамен жанармай бөлінді. «Мұнай өңдеу зауыттарынан ақпан айына бөлінген жанар-жағармайды операторлар тарапынан сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Агроқұрылымдарға литрі 200-202 теңгеден босатылатын болады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 4,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін несиелендіру жұмыстары облыста алғашқы рет желтоқсан айында басталды. Несие серіктестіктері арқылы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 4,55 млрд. теңгеге 526 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі несиелендірілді. Қосымша 4 млрд. теңге қаржы қажеттілігі жөнінде ҚР АШМ-не ұсыныс енгізілді», – деді Н.Мырзахметов. Облыс бойынша тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті масақты дақыл, мақсары, мақта, жоңышқа және жүгері тұқымдары бар. Тұқым шаруашылықтарын қолдауға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінді. Ендігі міндет егілген өнімді шашпай төкпей жинап алу. Ол үшін бүгінде шаруа да, дихан да барын салып тер төгуде.