Агроиндустриалды аймақ құру жоспарланған Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы аграрлы аудан болуына байланысты аудан экономикасын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі – ауылшаруашылығы болып табылады. Климаттық жағынан өте қолайлы орналасқан аудан аумағында шаруашылықтың бұл түрімен айналысу өте тиімді. Негізінен ауданда жылыжай шаруашылығымен айналысатындардың қатары көп. «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» яғни, еңбек еткеннің бәрі нәпақасыз қалып жатқан жоқ. Аудан халқы өте еңбекқор. Шаруашылықтың барлық саласында еңбек етіп жүр. Жыл сайын ауданда суарылмалы егін шаруашылығының проблемаларын шешу жөнінде шаралар қабылданып жатыр, ылғал ресурстарын сақтау технологияларын қолданатын алқаптар артып келеді, , тамшылатып суару технологиясына негізделген жеміс-көкөніс дақылдарының өнімі артуда. Ауылшаруашылығына тартылған негізгі капитал көлемі де жыл жылжыған сайын артып келеді. Шаруалар жылыжайларда өндірілетін өнім көлемін әртараптандыру мақсатында лимон, құлпынай, баялдыр, кабачок, гүл өсіруді қолға алып отыр. Ауданда гүл бизнесін жандандыруға қомақты үлес қосып отырған шаруашылықтар жетіп артылады. Жыл сайын жылыжайларда тонналаған өнім жиналып, еліміз бен жақын шет мемлекеттерге саудаланады. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы ауданда жақсы дамыған. Сарыағаштық шаруалар бір өнімді өсіріп, оны жинап алып, саудалап жатқанда екінші өнімі егіліп жатады. Одан үшіншісі… Осылайша жылына екі-үш рет өнім алып, шаруаларын шалқытып отыр. Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді. Қазір өңір диқандары көкөністерді өсіріп, көктемде нарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Солардың бірі – Сарыағаш ауданы, Қабланбек ауылдық округі аумағындағы «Занджаниджад» шаруа қожалығы аудандағы ірі қожалықтың бірі. Шаруа қожалығының басшысы Занджаниджад Рустемнің айтуынша, жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қиын. Төзім мен еңбекті талап етеді. Күндіз-түні от жағу, жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес. – Бұл – отбасылық бизнес. Диқаншылықпен 30 жылдан бері айналысып келеміз. Қараша айында қызанақ тұқымын септік, желтоқсанда жылыжайда көшетін отырғыздық. Наурыз айының соңында өнім аламыз деген үміт бар. Қызанақ егу, оны өсіру жұмыстары жүріп жатыр. Қызанақтан бөлек гүл өсіруді де жоспарлап отырмыз, – дейді диқан. 2005 жылы құрылған шаруа қожалығында 1,5 гектар аумақта жылыжай салынған. Кәсіпкер бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ өсірумен айналысатын жылыжайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған жылыжай жылына 200 тонна қызанақ өндіруге қуатты. Өнім кәсіпкерлер арқылы негізінен Ресейге экспортталады. Сарыағаш ауданының экономикасын дамытудағы негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Аудан аумағында орналасқан 683,2 гектар жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, аскөк, баклажан, түсті қырыққабат, құлпынай өсіріледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында агроиндустриалды аймақ құру жоспарланған. Сол арқылы өңірдегі жылыжайлар көлемін 690 гектарға ұлғайтып, 2259 гектарға жеткізу көзделген.