Қырыққабат өнімдеріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары жыл сайын ерте пісетін көкөністерді егуді ақпан айында бастайды. Биыл да шаруалар ақпанның ызғары мен жауын-шашынына қарамастан қырыққабат пен қызылша дақылдарын еккен болатын. Күннің ызғарына қарамастан егілген өнім ерте көктемде сатылымға шығады. Дәл сол уақытта 10-нан астам шаруа қожалықтары қызу жұмыстар жүргізді. Мақтаарал ауылдық округі, Есентаев ауылында орналасқан «Абдрахманов» шаруа қожалығыжыл сайын ерте көктемде пісетін өнімдерден мол табыс табады. Аллаяр Кенжебайұлының басшылығындағы қожалығының иелігіндегі 4 гектар жерге қырыққабат дақылы егілген. 35 адамнан құралған 2 бригада егістік алқабында тынбай жұмыс атқарды. «Жұмысшыларға күніне 5000-5500 теңгеден еңбекақысын төлейміз. Қырыққабаттың Ринда және Галикан деген сорттары егілген. Негізінен, еккен егін 2-3 ай көлемінде пісіп, жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек» , дейді А.Абдрахманов. Ерте пісетін қырыққабат өнімдеріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында жалпы көлемі 10 гектар жерге қырыққабат, 15 гектарға қызылша дақылы отырғызылған. Жалпы биыл Мақтааралда 1904 гектар жерге ерте пісетін көкөністер егілген. Қырыққабат пен қызылша дақылдары ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша диқандар 1 жылда 2-3 рет өнім алады. Айта кетейік, өткен жылы мақтааралдық шаруалар 20 мың тонна көкөніс өндіріп, оның 80%-на жуығын ТМД елдеріне, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия мемлекеттеріне экспорттаған болатын. Биылғы меже де жоғары. Ерте егілген өнімдерді сатып та үлгерген дихандар екенші өнімді егуге дайындық үстінде. Осылайша екі-үш рет өнім алып, молынан табыс табады.