Түркістан облысының топырағында не өспейді деңіз. Еңбекке епті, пысық күнгейлік шаруалар өтімі жоғары кез-келген өніміңізді өсіріп береді. Бұрындары теңіз асып, тау басып келетін лимон, папайя, банандарды бүгінде күнгейлік шаруалар өсіріп отыр. Одан бөлек, кей жерде пекинка кей жерде айсберг деп аталатын сопақ қырыққабат та бұрын шетелден экспортталатын. Бүгінде дәл осы қырыққабатты өз шаруаларымыз өсіріп отыр. Әрі өтімділігі де жоғары. Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы «Миллиардер» шаруа қожалығында бүгінде сан алуан көкөніс өсіріледі. Әу басты шаруа қожалығының басшысы айсбергтің де тілін тауып, табыс түсірген болатын. Бүгінде баклажан өсіріп, саудалауда. Өтімі де жақсы. Көбіне мейрамханалар, сосын тұздықтаумен айналысатын цехтар сатып алады. Одан бөлек, Ресейге экспорттайды. Бір маусымда 1200 тоннаға дейін өнім жинайды. Шаруашылықта 20-25 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс кезінде тағы да қосымша жұмыс көзі тартылады. Баялдырлар арнайы қораптарға салынып, тауарлық белгімен жөнелтіледі. Негізінен Қазығұрт ауданындағы жылыжайлар қызанақ пен қиярға басымдық береді. Өйткені аталған көкөністердің өтімділігі жоғары. Сондай-ақ Тұрбат ауылдық округі гүл өсірушілермен де танымал. Өңірде бұл саланы алғаш көтерген және жалғыз өндірушілер солар еді. «Қара магия» деп аталатын раушандарды8 наурыз қарсаңында саудасы қызады. Арысы Астана, берісі бүкіл еліміз бойынша жан жақтан сатып алушыларға жөнелтіледі. Шаруашылық қожайыны Е.Тайтенов өзгеше сүрлеумен жүрді. Ол қияр да, қызанақ та еккен жоқ. Өзінің бір жарым гектар жылыжайының барлығына баклажан екті. Осыдан 8 жыл бұрын ауыл шетінен бір жарым гектар жер сатып алып, жылыжай салды. «Миллиардер» шаруа қожалығын тіркеді. Жылыжайды өте сапалы етіп тұрғызғанынан болар биылғы қатты аязға да, қарға да төтеп берді. Бүгінде жылыжайлар санын үшке жеткізіп отыр. Ал 2021 жылдан бастап оларда «Қара маржан» сұрыпты баклажандарын өсірумен айналысады. Баклажан яғни, баялдыр адам ағзасына өте пайдалы дәрумендер мен минералдарға бай өте пайдалы көкөніс. Сондықтан да осы көкөніске көңілі ауыпты. Е.Тайтеновтің айтуынша екі жылды да табыспен аяқтаған. Қызанақ пен қияр сияқты тез өтіп кететін өнім болмағанымен баклажанды алушылар да аз емес. Әсіресе Ресейге экспорты басым. Сапалы өнім өсіріп отырғандықтан сатып алушылардың қарасы қалың. Биылғы қыс түркістандық жылыжайшылар үшін ауыр сынаққа айналды. Күтпеген жерден қатты аяз қысып берді. Қар да жылдағыдан көп түсті. Ұдайы бірқалыпты температуорада тұруы тиіс жылыжайларда біраз қыиндық туындағаны рас. Дегенмен Миллиардерліктер қатты суықтан абыроймен өтті. Көмір бағасының қымбаттап кеткені тағы бар. Еңбексүйгіш басшы бұл қиындықтардың ешқайсысына да мойымады. Сапалы тұқымнан мол өнім алатынына сенімді. Жақын арада бірінші егін жиналады Негізінде баклажанның көшет кезінен өсіріп, бастап сатқанға дейінгі мерзім 4 айды құрайды. Осы уақыт аралығында өнімді өсіру, күтіп баптау да оңай шаруа емес. Жылыжайда өнімдер қарашаның соңына дейін жеміс береді. Осылайша, жыл ішінде барлық жылыжайлар сияқты «Миллиардер» шаруа қожалығы екі рет өнім алады. Алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтып, тағы да басқа өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.