Агросектор саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетi әрдайым басты назарда. Агрокешендерді дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану да назардан тыс қалған емес. Дала төсінде жүрген егіншілер бүгінгі күнгі ең озық технология саналып жүрген тамшылатып суару әдісіне арқа сүйеп отыр. Бұл әдістің тиімділігін бағамдаған шаруалар жаппай көшуге бел буып отыр. Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында бүгінде бірқатар шаруа қожалықтар осы әдіске көшіп үлгерді. Тамшылатып суарудың тиімділігі сол, егістік көлемі қанша үлкен болса да, су аз шығындалады. Бұл әрине өте тиімді әдіс екенін осыдан ақ бағамдауға болады. Екіншіден, ағын судан арамшөптер күш алып кетеді. Негізі бұрын егінді арық арқылы су жіберіп, суарып келген-тін шаруалар. Онда су көп кетеді, әрі арамшөп мол шығады, оны уақытылы жұлып отыру керек. Ал мына әдістің тиімділігі сол, су 16 есеге аз шығындалады, арамшөп деген болмайды. Арамшөптерден арылу үшін де қосымша жұмыс күші қажет, одан бөлек уақытты айтсаңызшы. Әр күнді тиімді пайдалануға тырысатан шаруалар уақыттың қаншалықты маңызды екенін біледі. Бүгінгі таңда Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылдық округінде орналасқан «Аманкелді» ЖШС-і 530 га жеміс және 120 га жүзім, Шарбұлақ ауыл округіндегі «Береке» АШӨК-і 50 га жеміс бауы және «Бірлік» АШӨК-і 70-га жеміс бауы, Шарбұлақ ауыл округіндегі «Бірлік-2020» шаруа қожалығы, Жаңабазар ауыл округіндегі «Сейдалы» шаруа қожалығы, Қақпақ ауыл округіндегі «Азия жеміс» ЖШС-і 72 га жеміс бауы және көптеген шаруалар қазіргі заманғы тамшылатып суғару әдісіне көшіп отыр. Қай әдіс тәсіл болса да тиімді жағын, ұтымды жағын қолай көретін дихандар тамшылатып суғару тәсіліне өткендеріне еш өкпесі жоқ. Өйткені қаншама уақытты, қаншама суды ысырапсыз аз шығынсыз пайдаланатына көздері жеткен. Бұдан бөлек, ауданда ауыл шаруашылығы саласында ендіріліп келе жатқан жаңа технологиялардың бірі – ол жаңбырлатып суғару технологиясы. Бұл салада алғашқы қарлығаштардың бірі – Қызылқия ауыл округінде орналасқан «Қазығұрт агро сервис» ЖШС-і болып табылады. Бұл шаруашылық он жылдың көлемінде ресейлік жаңбырлатып суғару қондырғыларын алып келіп, жоңышқа алқаптарында аталған технологиямен жұмыс істеп келеді. Жаңаша тәсіл жаңбырлатып суғару тәсілінде жалпы суғару нормасын қажетінше реттеуге мүмкіндік туады. Тек топырақ ылғалданып қоймай, танаптың өне бойы ылғалы артып, өсімдіктерге тиімді сулы микроклимат пайда болады. Танапты мұқият тегістеу қажеттілігі болмайды. Сумен араластырып, тыңайтқыштар мен әртүрлі дәрілерді беруге болады. Жалпы Қазығұрт ауданында қазіргі таңда жаңбырлатып суару құрылғысын алуға қызығушылық танытып жатқан шаруашылықтар саны артуда.