Су ресурстарын қорғау, су қауіпсіздігі мен тиімділігі, оны рационалды пайдалану – бүгінде маңызды мәселеге айналып отыр. Су шаруашылығын тұрақты дамыту мен су ресурстарын тиімді пайдалану да басты назарда. Еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық зерттеулер жүргізіліп тұрады. Алыстағы ауылдарда да тіршілік нәрімен қамтылуы назардан тыс қалған емес. Еліміз су ресурстарына бай. Өзендер мен көлдерді айтпағанның өзінде елімізге жыл сайын түсетін қардың да, жаңбырдың да мөлшері қалыпты, тұщы, ішуге жарамды жерасты ауыз суының да басқа елдермен салыстырғанда қоры жеткілікті деуге болады. Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан аумағында өзекті мәселенің бірі болып тұрған ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары іске асып жатқан Азаттық және Балықты елді мекендерінде болып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады. Өткен жылдардан өтпелі болып іске асып жатқан құрылыс жұмыстары барысында Азаттық елді мекенінің тозығы жеткен және су құбыры тартылмаған абоненттерге су жеткізу мақсатында 53 940 метр құбыр тартылған. Су жүйесі іске қосылған жағдайда 860 абонент сапалы ауыз сумен қамтылады. Ал, Балықты елді мекенінде 10 110 метр үлкен диаметрлі құбыр тартылып, 129 темір бетонды су реттегіш құрылғылар орнатылған құдықтар салынды. Бұл елді мекенде жаңа ауыз су жүйесі арқылы 254 абонент таза ауыз сумен қамтылады деп күтілуде. Атап айтсақ, мамыр айының аяғына дейін Азаттық елді мекенінің су жүйесін толық тексеріп, іске қосу жұмыстары атқарылса, Балықты елді мекенінде алдағы екі апта ішінде дәл сондай құбырларға су жіберіп, тексеру жұмыстары жүргізіліп, халыққа сапалы ауыз су беру жұмыстары іске аспақ. Аудан басшысы аталған нысандардың құрылыс жұмыстарын іске асырып жатқан мердігерге жоғарыда айтылған уақыт ішінде абоненттерді толық ауыз сумен қамтуды тапсырып, бұл жұмыстарды қатаң бақылауға ұстауды жауапты орынбасарына тапсырды. Сонымен қатар, Нұржан Жақсылықұлы Жаскешу ауылдық округіне ат басын бұрып, округ орталығы шегіндегі түйіткілді мәселенің бірі болып тұрған инфрақұрылым тарту үшін жер телімдерін қайтару мәселесіне тоқталды. Айта кетейік, биылғы жылы Жаскешу ауылының дамуына 27 га жерге инженерлік инфрақұрылым құрылысын (газбен қамту және электр желілері) жүргізу жоспарлануда. Бұл жерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 134 жер телімі мен жаңа мектеп орны қарастырылған. Республикалық бюджеттен тиісті қаржы да бөлінгелі тұр. Аудан әкімі тиісті мамандармен бірге ауыл ақсақалдары және депутатымен жер басында кездесті. Кездесу барысында халықпен келіссөз жүргізіп, қорытынды шығаруға 10 күн мерзім белгіленді. «Келіссөз нәтижесімен алдағы жұмыс бағыты белгілі болады» — деді, Нұржан Жақсылықұлы.