Агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау — суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі немесе 550 мың гектары Түркістан облысына тиесілі. Түркістан өңірінде орташа есеппен жыл сайын 210 млн. текше метр ағын су тапшылығы орын алған болатын. Осы мәселені шешу үшін, облыста бір қатар су нысандарының құрылыстары басталып, 2 ірі су нысандары пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 18 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Түркістан магистралды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Каналдың су өткізу құрылымдарына Австралиялық «Рубикон Воутердің» автоматтандыру жүйесі орнатылды. Түркістан қаласы аумағындағы 2 шақырым канал бойы абаттандырылып, қала тұрғындарының игілігіне берілді. Сонымен қатар, «Боралдай» (50 млн.м3, жоба құны 15 млрд. тг.), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (68 млн.м3, жоба құны 16,9 млрд. тг.) жобалары әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда Түркістан өңірі ағын сумен толық қамтамасыз етілетін болады. Облыс аумағында түгендеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған маңыздылығы жоғары коммуналдық меншіктегі 15 су нысанына күрделі жөндеу, 5 су нысанына ағымдағы жөндеу және жалпы ұзындығы 372 шақырымды құрайтын 35 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 2023 жылға облыстық бюджеттен 4 267 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жүргізілетін 14 нысанға құрылыс жұмыстары басталып, 1 нысанға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Ал ағымдағы жөндеу жүргізілетін 5 нысанға құрылыс жұмыстары басталып, 2 нысанның құрылысы аяқталды (24 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ал қалған 11 нысанға мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде). Нәтижесінде, 63 шқ. канал бетонмен қапталып, 11 194 гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.