Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша да күріш дақылының пайдасы көп. Бұл дақылды еккен жерге арамшөп шықпайды, күріштен кейін оның орнына егілген кез келген дақылдың өнімділігі бұрынғыдан әлдеқайда артық болатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Бүгінде Түркістан облысында да күріш өсірілуде. Бұрын бұл дақыл күнгейлік шаруалар үшін таңсық болатын. Кейіннен епсекті дихандар аталмыш дақылды күтіп, баптаудың қыр сырын меңгеріп алды. Биылғы егіс науқанында «Қазводхоз» РММ облыстық филиалының су қызметкерлері өңірімізде күріш егуді шектеудің қажеті жоқ деп отыр. Тек Шардара ғана емес, облыстың басқа аудандарында да өсіруге мүмкіндік бар. Дегенмен суды мол тұтынатын дақыл болғандықтан оны егуден бас тартуға былтыр кеңес берген болатын. Бірақ күрішшілермен жасалған келісімшарттарда әлі де болса кейбір ескертпелер бар. Құрғақшылық жылдары расында күріш егудің пайдасы жоқ дейді ауыл шаруашылығы мамандары. Дегенмен биыл жауын шашын мол түсті. Сондықтан да шардаралықтарға «сыр сұлуын» егуге рұқсат етілді. Мақта егумен қатар, күріштен де мол өнім алған мақтааралдықтар мен жетісайлықтарға сушылар сумен толық қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайтындықтарын айтқан болатын. Егер де су тапшылығы болмаса ғана берілетінін ресми түрде хабардар етті. Сондықтан өткен жылы оңтүстік күрішшілері тәуекелге бармай, басқа дақылдарға көшкен болатын. Осылайша, өткен жылы күріштен мол өнім алып, күріш өсірумен тек шардаралықтар айналысты. Биылғы маусымда судың мол болуы болжамы жаман емес, сондықтан аталмыш мекеме шардаралық күрішшілермен 667 гектарға, мақтааралдықтармен 728 гектарға, жетісайлықтармен 264 гектар егін егуге келісімшартқа отырды. Егін көлемін еселеуге деген ықылас Мақтаарал тұрғындарының арасында болды, бірақ оларға суармалы суды кепілдендірілген жеткізу тек ресми келісімдер арқылы жүзеге асырылатыны ескертілді. Егін ексе бітік шығатын, мол өнім беретін күршті егуге құмбылдардың қатары қалың. Дегенмен суғармалы судың мол не болмаса тапшы болуына байланысты дихандар ерте көктемде ойланып барып, іске кірісетін болған.