Бүгінгі техногенді жас ұрпақты музейлерге, театрларға бармайды деп күстаналайтындар жоқ емес. Бос уақыттарында кітап оқудың орнына телефонға үңіліп, театрға барудың орнына фантастикалық фильмдер көруге құмар, ал музейге барудың орнына дүкен аралағанды жақсы көреді деп тағы да жақтырмаймыз. Ал осы өнерге, тарихқа қызығушылықтарын арттыру үшін қандай іс атқарудамыз? Осы жөнінде ойланып көрдік пе? Дегенмен бүгінде жастарды жан-жақты етіп, тәрбиелеу мақсатында түрлі өнер орталықтарына апару біртіндеп дәстүрге айналып келеді. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жаңа технологиялар колледжінің студенттері Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығына келіп, ұлтымыздың көне дәстүрлерімен танысты. Бұл шара арнайы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Студенттердің білімін дамыту мақсатымен жан-жақты ақпарат беруде ұлт тарихынан бастап, әрбір ұлттың өзіне ғана тән ұрпаққа мұра болып қалатын ерекшелігі – салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы және тілі екендігін ұғындыруда осындай жобалардың берері мол. Келген студенттер орталықтағы Отырар археологиялық қорық мұражайының уақытша көшпелі көрмесін тамашалап, «Достық» және «Ұлттық» залдарымен танысты. Қазақ халқының арғы бергі тарихымен танысып, көне жәдігерлерді қолмен ұстап көріп, сондай-ақ слайд-шоу арқылы салт-дәстүрге қатысты бірнеше эпизодтармен танысты. Бүгінгі өскелең ұрпақтың өткен тарихын ұмытпай, дәстүрімізді жалғайтынын ескерсек, бұл шарадан олар көптеген ой түйіп қайтқаны сөзсіз. Алдағы уақытта облыс орталығындағы бұдан да басқа өлкетану, репрессия құрбандарына арналған музейлерге бару жоспарларында бар.