Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында соңғы он жылда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Соның ішінде қарқынды бау шаруашылығымен айналысатындардың қатары қалың. Тамылжыған табиғатымен, саф таза ауасымен, туристік аймақ ретінде танылған. Төлеби ауданында ауыл шаруашылық саласы қарқында дамып келеді. Аймақта қарқынды бау шаруашылығын дамыту 5 гектарға ұлғайтылып, 425 гектарға жеткен. Сондай-ақ, 1 алқаптан 2-3 өнім алу бағытында 110 гектарға көкөніс егілген. Нәтижесінде, аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 3 айда 21,6 млрд теңгеге жетті. Ауданда мал бордақылаудан бастап етті және сүтті бағыттағы шаруашылықтардың саны артуда. Жеміс жидекпен тек шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер ғана емес жеке кәсіпкерлер де айналысуда. «Төлеби ауданында алма бауымен айналысатын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді», – дейді Ұзынарық аулының тумасы Серғали Жансейітов. Кәсіпкер алма көшеттерін 2011 жылы Меркеден жеткізіп жерсіндірген екен. Шаруа, он жылдам астам уақыттан кейін күтімнің арқасында жақсы өнім ала бастаған. Бүгінде кәсіпкердің 25 га жер алқапта жайқалған алма бауында «Голден делишес», «Рэд делишес», «Превосход» түрлері бар. «Жеміс пісіп жетілгенше тынбай еңбек ету керек. Зиянкестермен күреске дәрі дәрмек, тыңайтқыштар сатып алуға мемлекеттік қолдау қажет-ақ», дейді бағбан. Естеріңізге сала кетейік, 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жақында Үкімет отырысында жан-жақты талқыланып, жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырма да берілген едіі. Ия, ағын су демекші, Кеңес Одағында тозығы жеткен каналды аудан әкімдігі мен су шаруашылығы мекемесі жаңғыртып, бүгінде нысаннан 4 елдімекеннің шаруалары ағын сумен қамтылып отыр. Бидай егілген егістік жерге алма отырғызған Серғали Жансейітов кәсібін дөңгелету мақсатында шағын қаржы ұйымынан 8 пайыздық мөлшерлемемен бес жылға несие алған екен. Серғали Жансейітов, кәсіпкер: «Бидайдан бөлек, мақсары өнімді еккен жылы береді. Ал алма 4-5 жылдан кейін өнімін береді. Сондықтан жүйелілік керек. Алма бауларымен айналысатын азаматтарға 1 пайыздық несие, немесе субсидия берілуі тиіс». «Алма биыл бітік шыққан. Тек Төлеби ауданындағы шаруашылықтарда ғана емес, бүкіл өңірдегі аталған жеміспен айналысатын кәсіпкерлердің ендігі проблемасы, өнімді ұтымды бағада өткізу, сату»,-дейді бағбан. Ауыл шаруашылық — ауданның экономикалық әлеуетiн нығайтуға, ел бюджетiнiң қалыптасуына үлес қосып келе жатқан салалардың бірі. Сондықтан, аграрлы ауданның шаруалары ауылшаруашылық техникалары артып, бүгінде 1 316 техникаға жетті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруда шаруаларға ағын су жеткізу қолға алынған. Бұл ретте, аудандағы 74 каналдың 38-і аудан меншігінде болса, жыл басынан бері 15 канал механикалық тазалаудан өткен. Аудандағы «Олжалы» каналының негізгі 5 шлюзі бетондалған.