Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы тапсырмасынан кейін республика аумағында тіл мамандары, филологтар осы бағытта қарқынды жұмыс істеп, латыннегізді қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқасын ұсынды. Бұл процеске тек тіл мамандары ғана емес, қалың көпшілік, тіл тағдырына бей-жай қарамайтын тіл жанашырлары, студенттерге дейін өз нұсқасын ұсынып, азаматтық белсенділік танытты. Соның нәтижесінде қазақ тілі заңдылықтарына толық сәйкес келетін латыннегізді қазақ әліпбиі әзір болуға жақын. Түркістан облысына қарасты Сайрам аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі: өзгерістер мен ерекшеліктер» атты тәжірибелік семинар өтті. Семинардың мақсаты – латын әліпбиін насихаттау, жаңа әліпбидегі өзгерістерді, ерекшеліктерді талқылау. Ақсукент ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлерінің қатысуымен өткен шарада латын графикасының жетілдірілген жаңа жобасы талқыланды. «Жаңа әліпби: өзгерістер мен ерекшеліктер» тақырыбында баяндама жасалды. Жетілдірілген нұсқаның ерекшеліктері, оның алдындағы нұсқадан өзгешеліктері туралы сөз етті. Сонымен қатар, талқылауға ұсынылған нұсқадағы диакритикалық белгілерге жеке-жеке мысалдармен тоқталып, әрқайсының атқаратын қызметін түсіндірді. Сонымен қатар, Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби – болашаққа бастар жол» атты дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты — латыннегізді қазақ әліпбиін насихаттау, жетілдірілген жобадағы өзгерістерді талқылау. Семинарға аудандағы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери қызметкерлері және азаматтық персоналдары қатысты. Іс — шарада орталықтың қазақ тілі оқытушысы Ш.Сағынтаева «Жаңа әліпби: өзгерістер мен ерекшеліктер» тақырыбында баяндама жасап, жетілдірілген нұсқаны шолып, жобадағы диакритикалық белгілерге жеке-жеке тоқталды. Сонымен қатар, қатысушылар оқылым тапсырмасын орындады. Шара соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп тарқасты.