Бүгінде қазақстандық ғылымды дамытуға көптеп көңіл бөлінуде. Осы бағытта түрлі халықаралық ғылыми форумдар өткізілуде. Жуырда Астанада «Жасанды интеллект әлемінде болашақты таныстыру» тақырыбында Nobel Fest бірінші сессиясы өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми фестивальдің барлық қонақтары мен спикерлерін құттықтай отырып, білім және ғылым саласындағы технологиялық өзгерістердің маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанда Google компаниясымен бірлесіп, 14 ЖОО базасында біз жасанды интеллект бойынша пилоттық курсты іске қостық. Егер бұл курс жеткілікті табысты болса, келесі жылдан бастап ол Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын болады», — деп атап өтті министр. Сондай-ақ, жиында Қазақстан тарапынан М. Әуезов Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Nobel Fest негізін қалаушы және бас директоры Мақсат Құрбенов, COVID-19 вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закария және т.б. сөз сөйледі. Ертең, 6 қазанда фестивальдің екінші күні және әйгілі пианист Ратовичтің концерті өтеді. 7 қазанда педагогтердің ауқымды саммиті өтетін болады. Саммит аясында мұғалімдердің тренингтері, «Білім берудегі инновациялар», «Инклюзивті оқыту», «Білім берудегі STEM», «Әлем мұғалімдерінің ашық сабақтары» тақырыптарында сессиялар ұйымдастырылады. Фестиваль бағдарламасы жасанды интеллекттен бастап климаттың өзгеруіне, экономиканың болашағына, стартаптар мен еңбек нарығына, ғылымның жаңа қырлары мен адамзаттың болашағына дейінгі көптеген тақырыптарды қамтиды.